Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы Қонаевта қант зауытын салады

Біріккен Араб Әмірліктерінің Al Khaleej Sugar компаниясы Қонаевта қант зауытын салады. Бұл туралы Ауыл шаруашлығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы облысы ауқымды инвестициялық жобаның алаңына айналуы мүмкін. Әлемдегі қант индустриясының көшбасшыларының бірі — Біріккен Араб Әмірліктерінің Al Khaleej Sugar компаниясы Қонаев қаласына жақын жерде қант зауытын салу мүмкіндігін қарастыруда», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры шейх Джамаль Әл Ғурайр кездесіп, ынтымақтастық перспективаларын талқылаған. Атап айтқанда, тараптар жер учаскесін таңдау, қант қызылшасына арналған егіс алқаптарын ұйымдастыру, су ресурстарына қол жеткізу және зауытты энергиямен қамтамасыз ету мәселесін қозғаған.
Ақылдаса келе, тараптар зауыт үшін ең қолайлы орын ретінде Қонаев қаласын таңдаған. Қала логистикалық тұрғыдан ыңғайлы.
Зауыттың бір ерекшелігі – жаңартылған энергия көздерін тұтынатынында. Бұл туралы компания басшысы хабарлады.
«Біз қайта жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, толықтай автономды кәсіпорын құрғымыз келеді. Бұл қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті шейх Джамаль Әл Ғурайр.
Al Khaleej Sugar — әлемдегі ең ірі автономды қант зауыты. Бұл кәсіпорын Парсы шығанағы аймағындағы алғашқы қант зауыты саналады. Компания 1992 жылы құрылған және Дубайдағы Джебель Али қаласында орналасқан. Оның өндірістік қуаты тәулігіне 7000 тоннадан асады. Ал жылдық қуаты – 1,8 млн тоннаға жеткен. Аталмыш кәсіпорын әлем бойынша, тазартылған қант нарығының шамамен 3%-ын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, «Голдбридж халықаралық компаниясы» Атырау өңірінде де ірі қант зауытын салады. Бұл жоба құны 58 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Қазақстан негізінен Ресей қантына тәуелді. Қасым-Жомарт Тоқаев қант импортына тәуелділікті азайтуді тапсырған болатын. Нақты айтқанда президент 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыруды мідеттеді. Жаңа зауыттар осы норманы орындауға жол ашуы тиіс.