Шерзат ісі: оқиға орнында болған екінші әйелдің жеке деректері жарияланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісі жалғасып жатыр/фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 28 сәуірдегі сот отырысына куә Дана Жақсыгелдіден жауап алу басталды, деп хабарлайды KursivMedia.

Жауап алу басталмас бұрын куәнің жеке деректері жарияланды.

Дана Жақсыгелді 1999 жылы Талғар қаласында туған, қазақ, Қазақстан азаматы, білімі  – орта, жұмыссыз, ажырасқан.

Әйел сотталушылардың ішінде Абзал Шынасыл, Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаевты танитынын айтты.

«Көлікке бәрі бірге отырды, сол кезде алып келгенін көрген жоқпын. Көлік жүргеннен кейін көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрды. «777» дүкеніне бардық. Эльмира Dizzy сусынын алып шықты. Абзал (Шыналсы – ред.) еңкейіп тұрған кезде капоттың үстінде тұрған Dizzy-ді әперші деді. Сосын «құя салшы» деді. Сол кезде пышақтың жүзін байқадым», – деді Дана Жақсыгелді.

Айтуынша, оқиға болған кезде автокөлікте отырған. Мылтықтың дауысынан кейін қорқып қалдым, деді ол.

«Тау жақта интернет болған жоқ. Жігіттер бізді үйге апара жатқан. Сол кезде Талғарға жеткен кезде 102-ге хабарласамыз деп ойладық. Бізді полиция жолда ұстады», – деді куә.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.  

Сондай-ақ оқыңыз