Доллардың түбіне жетті: Трамптың 100 күн билігін кім қалай бағалады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп сайлаушылардың сенімін ақтамады деушілер көп / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйдегі 100 күндік билігін әркім әрқалай бағалады. Мақтау аз, сын көп. Kursiv.Media солардың бірқатарын назарыңызға ұсынады.

Трамптың жұртта шаруасы жоқ

«Трамп жүз күннің ішінде-ақ АҚШ экономикасын тізерлетті» деп аталады CNN телеарнасының осы тақырыптағы мақаласы.

Азық-түліктің қымбаттығынан әбден титықтаған америкалықтар Трамптың Құрама Штаттарға карантинге дейінгі жаймашуақ өмірді қайта әкелем деген уәдесіне сеніп қалды. Алайда президент бағаны одан сайын көтеретін саясат жүргізді. Соның салдарынан Құрама Штаттарда тапшылық болуы мүмкін. Трамп XIX ғасырдағы алтын дәуірді қайта орнатуды армандайды деп жазды телеарна.

Алайда 401 мың жұмысшының болашаққа жоспары күл-талқан болып жатқанда, уайым-қайғыдан ада президент гольф ойнап жүрді деп сынады CNN.

Доллардың түбіне жетті

Осыған дейін америкалық валютаның дәуірі аяқталып қалды дейтін болжамдардың бір де бірі орындалмаған. Бірақ Дональд Трамп келді де, бар болғаны 100 күннің ішінде доллардың әлемдік экономикадағы 100 жылдық дәуренін шорт үзуге шақ қалды. Бұл BBC телеарнасының бағасы.

Шетелдіктер жиған қаражатын Америкада сақтады, доллар бағамы төмендеген уақытта да инвестиция құюын тоқтатпады. Әлемде дағдарыс бола қалған жағдайда ақша Құрама Штаттарға қарай ағылды.

Трамп билікке қайта оралып, әлемде сауда соғысын бастағанға дейін солай болған деп бағалайды телеарна.

Нарықта дүрбелең басталды – компания акциялары күрт арзандады. Өйткені Трамп тарифтері басқа жол ұсынған жоқ. Ал мемлекеттік облигациялар мен доллар бағамы көтерілмеді, керісінше төмендей берді.

Долар 5% құнын жоғалтты. Трамп Дүниежүзілік соғыстан кейін, әлемде орнаған тәртіпті бұзды.

Беделін жоғалтып жатыр

Құрама Штаттар президенті ұлықтау салтанатына бір күн қалғанда Трамп «ең үздік алғашқы күн, ең ұзақ алғашқы апта және Америка тарихындағы ең ғажайып 100 күн» болады деген. Президент қиялын Bloomberg агенттігі еске түсірді. Алайда бәрі Ақ үй қожайыны ойлағандай болмай жатыр.

29 сәуір, сейсенбі күні Трамп Мичиганға барып, өндіріс бағдарламасы мен 100 күннің есебін береді.

«Қазір біз рекорд жаңартып жатырмыз – қолдау басқа да президенттердің алғашқы 100 күнінен әлдеқайда артық», – деп мәлімдеді ол сәуірдің басында.

Алайда Құрама Штаттарда экономиканың негізгі көрсеткіштері қалай төмендесе, Дональд Трамптың беделі де сонымен бірге түсіп барады деп түйіндеді агенттік.

Сондай-ақ оқыңыз