Ғалым Сейіт Қасқабасовтың дүниеден озғанына байланысты Тоқаев жеделхат жолдады

Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасов дүниеден озды. Осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Сейіт Асқарұлы ұлт руханиятын ұлықтап, қазақ ауыз әдебиетін терең зерделеуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы тұлға еді. Әсіресе, отандық фольклортануға өлшеусіз үлес қосты. Іргелі еңбектер жазып, ұлағатты ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Өнегелі өмір сүріп, соңына рухани мол мұра қалдырған Сейіт Асқарұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды», – делінген президент жеделхатында.
Сейіт Қасқабасов 1940 жылы Семейде дүниеге келген. Ғалым 1964 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын, 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының аспирантурасын тәмамдаған.
Әр жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде, әскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында, Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарған.
Қасқабасов Қеңес өкіметі тұсында Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды репрессия құрбандарын ақтап шығуға үлкен үлес қосқан.