Аялдамадағы қызға «Cаяхатқа жеткізіп тастауды» ұсынған полицейлер жазаланды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Аялдамадағы қызға "Cаяхатқа жеткізіп тастауды" ұсынған полицейлер жазаланды
Аялдамадағы қызға «Cаяхатқа жеткізіп тастауды» ұсынған полицейлер жазаланды/Фото: Видео кадры

Алматы облысы Іле ауданында аялдамада тұрған кәмелетке толмаған қызға жеткізіп тастауды ұсынған полицейлер жазаланды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.

Мән-жайы

Іле ауданы мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиев instagram парақшасына аялдамада полиция көлігінің жанында қыз бала тұрған видео жариялады. Депутат тоқтауға болмайтын жерде не істеп тұрғанын сұрағанында, полиция қызметкерлері мардымды жауап бере алмады. Қыздың өзі полицейлер «Саяхатқа жеткізіп тастауды ұсынғанын» айтқан.

Желі қолданушыларының басым көпшілігі полицейлердің әрекетін қыз балаға қырындау ретінде бағалап, оларды сынға алған. Кей қолданушылар кәмелет жасына толмаған қыз баланың қолындағы электрондық шылымға назар аударған.

Полиция мәлімдемесі

Алматы облысы Полиция департаменті аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, этикалық норма бұзылғаны анықталғанын мәлім етті. Тексеріс қорытындысына сай, бір полицей ішкі істер органдарынан шығарылса, екіншісі атқарып отырған лауазымынан босатылған. Аталған қызметкерлердің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын сақтау – полиция қызметінің басты басымдығы болып қала береді. Кез келген құқық бұзушылықтар мен кәсіби емес әрекеттер жедел және қатаң түрде тоқтатылатын болады» – деп ескертеді полиция департаменті.

Бұған дейін, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға шенеуніктің күдіктінің әйеліне қырындағаны себеп болғаны туралы ақпарат тараған. Алайда Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова шенеунік күдіктінің жұбайымен тілдескенін жоққа шығарды. Мұны оған күдіктінің әйелі айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз