Алматыда соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден беріледі

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 млн теңгеден біржолғы төлем төленеді. Сондай-ақ, тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем мөлшері де артады.
Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне біржолғы төлем мөлшерін 5 млн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім мәслихаттың кезектен тыс 29-сессиясында қабылданды. Әкімдіктің түсіндіруінше, бұл әлеуметтік қолдау тек соғысқа қатысқан және соғыста мүгедек болған азаматтарға қатысты.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша Алматы қаласында 21 соғыс ардагері тұрады. 2024 жылы оларға 1 миллион теңгеден төленген болатын.
Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем көлемі 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейтіледі. Бүгінде Алматы қаласында 6 149 тыл еңбеккері тұрады.
Төлемдер азаматтардан өтініш талап етілмей, Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның ұсынған тізімдер негізінде екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударылады. Төлемдерді қала аудандарының әкімдіктері жүзеге асырады.
Қазақстанда қанша Ұлы Отан соғысының ардагері қалды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде 83 048 ардагер тұрады. Алайда оның 111-і ғана ҰОС ардагері.
- Жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 796 адам;
- Басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері 26 553;
- ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен 39 588 адам бар.