Аида Балаева VII Мәдениет саммитіне қатысты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен VII Мәдениет саммитіне қатысты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Форумның негізгі тақырыптары жасанды интеллекттің мәдениет пен адам шығармашылығына ықпалы, сондай-ақ тұрақты болашақ жолындағы бейбітшілікті нығайтуда мәдени байланыстардың рөлі туралы болған.
Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Аида Балаева жаһандық тұрақсыздық жағдайында мәдениеттің ерекше маңызын атап өткен.
«Мәдениет – бұл тек өткеннің мұрасы емес. Бұл – диалогтың тетігі, ұрпақтар, ұлттар мен діндер арасындағы көпір. Өркендеу дәуірінде де, қиын кезеңдерде де дәл мәдениет рухты көтеріп, шабыттандырып, адамдарды біріктіріп отырды. Бүгінде де ол – болашаққа апаратын сенімді тірегіміз әрі елдер арасындағы өзара іс-қимыл тетігі», – деді министр.
Аида Балаева сондай-ақ саммитте Қазақстандағы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени әралуандық дәстүрлеріне тоқталған. Бүгінде елде жүзден астам этнос өкілі өз тілін, өнерін сақтап, бейбіт өмір сүріп келе жатқанына назар аударған. Министр мемлекет басшысы жариялаған «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің берік негізіне айналғанын ерекше атап өткен.
Саммит жұмысына 90 елдің делегациясы қатысты. Министрлік халықаралық жиын идея алмасу, гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты және мәдениет арқылы бейбітшілікті нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыратын маңызды алаңға айналғанын жеткізген.
Бұған дейін Аида Балаева TikTok платформасының елдегі жұмысының қарқынына байланысты пікір білдірген.