Camry-дің орнын баса ма: Toyota жаңа бизнес-седанын таныстырды

Жарияланды
Toyota-ның жаңа үлгісі заманауи, кең әрі бизнес-классқа лайық / Фото: auto.ru

Шанхайдағы халықаралық автосалонда Toyota компаниясының жаңа бизнес-седанының әлемдік таныстырылымы өтті. Бұл жаңа үлгі Toyota bZ7 атауын алды және брендтің электрлі модельдер желісінде флагман болуға үмітті.

Модель жапондық автоөндіруші мен қытайлық GAC және GTMC компанияларының бірлескен жобасы ретінде әзірленді. Өндіріс Қытайдағы GAC-Toyota зауытында жолға қойылады, бұл брендтің әлемдегі ең жылдам дамып жатқан электромобильдер нарығына ену ниетін көрсетеді.

Өлшемдері мен дизайны

Toyota bZ7 — ұзындығы бес метрден асатын толық өлшемді седан. Оны қазіргі Toyota Camry XV80 мен жаңа Nissan N7 үлгілерінен айтарлықтай үлкен болатынын білдіреді. Дегенмен нақты габариттері әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Дизайны мен пропорциялары оның жоғары бизнес-класс сегментіне жататынын аңғартады.

Көлік заманауи трендтерге сай жасалған:

  • Есіктер премиум үлгісін айқындайды;
  • Арнайы жасырылған есік тұтқалары аэродинамиканы жақсартады және заманауи көрініс береді;
  •  Алдыңғы және артқы бөліктерді бойлай созылған жарықдиодты жолақтары бар екі деңгейлі жарық жүйесі көз тартады;
  • Таза, тегіс сызықтар мен ағысты пішін қозғалыссыз тұрғанның өзінде динамикалық әсер қалдырады.

Toyota bZ7 сыртқы дизайны жағынан жаңа Lexus ES үлгісіне ұқсайды. Бірақ тек стилистикалық ұқсастық: екі модель әртүрлі платформаларға негізделген. bZ7 үшін арнайы электр платформасы қолданылады.

Салонына тоқталсақ

Toyota bZ7 салоны минимализм мен эргономика қағидаттарымен жасалған. Алдыңғы панельде үлкен сенсорлы экран орнатылған, оған маңызды функцияларға арналған ыңғайлы «ыстық» батырмалар блогы қосылған. Биік орталық тоннель сымсыз құрылғыларды қуаттауға арналған аймақпен жабдықталған, бұл жүргізуші мен алдыңғы жолаушыға қосымша жайлылық береді. Шағын сандық аспаптар панелі ақпаратты қарапайым әрі көрнекі түрде ұсынады. Оған қоса көпфункциялы рөлде ірі батырмалар орнатылған.

Техникалық сипаттамалары

Компания әзірге техникалық мәліметтерді ашық жариялаған жоқ. Алайда Toyota bZ7 үлгісінің негізгі бәсекелестері ретінде BYD Han мен Tesla Model 3 аталуы оның жоғары өнімді электрқозғалтқышпен жабдықталатынын, ал жоғарғы жиынтықтары толық жетекті болатынын көрсетеді.

Автокөліктің төбесіндегі орнатылған лидар жүйесі де көзге түседі. Ол кем дегенде екінші деңгейдегі автономды жүргізу жүйесінің болатынын меңзейді. Жолақ ішінде қозғалу, алдыңғы көліктермен арақашықтықты сақтау және белгілі бір жағдайларда жартылай автоматты жүргізу мүмкіндігін береді.

Болашаққа жоспар

Қытай нарығында Toyota bZ7 үлгісінің сатылымы 2025 жылдың соңына дейін басталады деп жоспарлануда. Сонымен бірге bZ (beyond Zero) желісі бастапқыда жаһандық жоба ретінде қарастырылғандықтан, жаңа седанның экспорттық нарықтарға шығу ықтималдығы жоғары. Қазірше бұл көліктердің Қытайда жасалып өзге елдерге жіберілетіні ме, әлде Toyota басқа зауыттарда өндіріске кірісетіні ме белгісіз.

Әлемдік электрификация турасында

Қытай нарығында электрлі модельдерді кеңейтуді көздегенімен, Toyota жаһандық электрификацияға сақтықпен қарайды. Компания жақында батареялар шығаратын зауыт құрылысын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Өйткені бірқатар елдерде электромобильдерге сұраныстың баяулап келе жатқаны байқалады.

Сонымен қатар Toyota-ның гибридті модельдері Азия мен Солтүстік Америкада жоғары сұранысқа ие болып отыр. Бұл жапон брендіне дәстүрлі және жаңа технологияларды үйлестіре отырып, жаһандық нарықтағы көшбасшылық позициясын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Еуропа автонарығына қатысты статистиканы талдаған едік.  Кәрі құрлықта авто саудасы бойынша Ұлыбритания алға шықты. Көрсеткіш былтырғы наурызбен салыстырғанда 12,4%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз