Шерзат ісі: марқұм Ғайыпбаев төбелеске қатысқандардың әрекетін қалай сипаттаған

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісі жалғасып жатыр/фото: kursiv.media

Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс барысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу барысында берген жауабын оқыды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Тергеу кезінде марқұм Ғайыпбаев сотталушылардың қайғылы жағдай күні қандай әрекет жасағанын айтқан.

Жауап алу барысындағы сұрақ-жауап:

–  Оқиға орнында Нұрқиястың әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Қолынан пышақ көрдім, жылтыр жүзін көрдім. Маған екі сермеп, пышақтағысы келді. Ахметті ұрып талдырды. Видеодан Нұрқиястың қолында мылтық болғанын көрдім. Менің құйымшағыма бір рет пышақ сұғып алды.

– Оқиға орнында Нұрбол әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Дүкеннің бұрышында Абзал мені аяғымнан тартып құлатты. Сол кезде Нұрбол мені ұрды, соққысы көзіме тиді. Қолында пышақ болды.

– Оқиға орнында Шыңғыстың әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Шыңғыстың қолында пышақ болды. Маған қарай сермеді, бірақ мен өткізіп жібердім. Видеодан көргенім бойынша ол Шерзаттың шекесінен пышақпен ұрғылап жатқан. Мені шеке тұсымнан тепкілеп жатқан.

– Оқиға орнында Дарханның әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Қолында не болғаны есімде жоқ. Дүкеннің жанында маған қарай жүгіріп келе жатқанда көргенмін, одан кейін көрген жоқпын.

– Оқиға орнында Абзалдың әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Абзал маған пышақпен екі рет дене жарақатын келтірді. Менің үстіме шығып алып, ұрып-cоғып тепкіледі. Менің ойымша, не Абзал, не Нұрқияс Шерзатқа пышақ алып атылды. Сол кезде Шерзат мені құшақтады. Осы екеуінің біреуі маған пышақ тығамын деп, Шерзатқа сұғып алды.

– Оқиға орнында екі қыздың әрекетін айтып бере аласыз ба? Қолынан бірдеңе көрдіңіз ба?

– Осы екі қыз Қаржаубайдың дүкеннен шығуына кедергі жасады. Екі қыздың бірі Мерседестің артқы есігін ашып, жылтыр зат алып бергенін көрдім. Ал ол адам менімен төбелесейін деп тұрған Нұрқиясқа пышақ берді. Сол кезде Нұрқиястың қолында пышақ пайда болды. Басқа әрекетін байқаған жоқпын.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты толық мойындамады.

Сондай-ақ оқыңыз