Яндекс гуманоид роботтарды жасап шығармақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Гуманоид роботтарды жүргізіп, турникеттерден өздері өтіп, жүк тасытқызбақ/фото: ЖИ
Гуманоид роботтарды жүргізіп, турникеттерден өздері өтіп, жүк тасытқызбақ/фото: ЖИ

Яндекс гуманоид роботтарды жасап шығармақ. Компания бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеп, өндіруді қарастырып жатыр.

«Яндекс» бұл жобасын ресми түрде жариялады.

Қанша қаржы бөлінді?

РБК ақпаратына қарағанда, жоба Yandex B2B Tech бөлімшесінде жүргізіледі. Бұл бөлімше — компанияның пилотсыз технологияларына маманданған құрылымы. Жобаға Yet Another Tech Fund атты жаңа ивестициялық қор қолдау көрсетеді.

2025 жылы қор заманауи технологияларды, оның ішінде робототехниканы дамыту үшін 330 миллион рубль бөлуді жоспарлап отыр.

Құлтемір не істейді?

Алғашқы кезеңде әзірлеушілер гуманоид роботтарды зерделеп, оның негізгі функцияларын қамтамасыз ететін операциялық жүйені жасаумен айналысады.

Жоспар бойынша, құлтемірлер жүре алуы, сатымен көтеріліп, есіктерді аша алуы қажет. Турникеттерден өту, жүктерді тасымалдау секілді әрекеттерді жасауға қабілетті болмақ.

Сатылымға шығаруға асығып отыр

Келешекте «Яндекс» толық циклді дамытуға көшуді жоспарлап отыр. Яғни, роботтарды басқару бағдарламасынан бастап, жобалау және өндіріс процесіне дейін қолға алынады. Компания платформаны нақты бизнес-міндеттерге барынша бейімдеп, өнімді нарыққа жылдам шығаруға ұмтылмақ.

Бұдан бұрын Робототехника саласы дамыған сайын пайда болатын мәселелер мен челленждер туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз