Испанияда жаппай жарық өшуінен елге 1 млрд еуро зиян келді

Испаниядағы жаппай жарық өшуінің салдарынан елге 1 млрд еуро шығын келуі мүмкін. Бұл жайлы The Objective жазады. Басылым дереккөздерінің айтуынша, әзірге шығын көлемі жайлы айтуға әлі ерте. Бірақ өнеркәсіп және коммерциялық кәсіпорындар жұмысының тоқтауы елдің ЖІӨ-не айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін.
Қазір Испанияның ЖІӨ көлемі тәулігіне 4,1 млрд еуроны құрайды. Оның 14%-ы (575 млн еуросы) өнеркәсіп секторына, 12%-ы (500 млн еуросы) қызмет көрсету секторына тиесілі.
28 сәуірде Португалияда, Испанияның үлкен аумағында және Францияның кейбір аудандарында электр жарығы өшіп қалды. Қалаларда қоғамдық көлік тоқтап, телефон желісі жоғалды. Португалиядағы Лиссабонда әуежай жұмысы тоқтады.
Ал Испаниядағы ірі өндіріс орындары жұмысын тоқтатты. Seat және Ford автозауыттары, мұнай-химия зауыты да үзіліс алды.
29 сәуірде Испания үкіметі елдегі электроэнергиясы толығымен қалпына келді деп мәлімдеді.