Италиядан 1 еуроға үй сатып алу шындық па, әлде миф пе

1 еуро = 582 теңге. Қазір 582 теңгеге не сатып ауға болады? Шымкентте бір шәйнек шай аласыз. Басқа қалаларда бұл ақшаға бір шыны шай да келмеуі мүмкін. Ал осы ақшаға тұтас бір үй сатып алуға болады дегенге сенесіз бе? Оның үстіне, тиын-тебенге алатын үйіңіз жыл он екі ай жаймашуақ болып тұратын, теңізге жақын, тамағы дәмді Италияда болса не дер едіңіз?
Италияда кейінгі бірнеше жылда «1 еуролық үйлер» бағдарламасы жүріп жатыр. Бұл бағдарлама Италияның шағын қалалары мен ауылдарынан жөндеуді қажет ететін, ескі үйлерді су тегінге сатып алуға мүмкіндік береді. Бұдан үкіметке не пайда? 1 еуролық үй шынымен «1 еуро» тұра ма? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдаймыз.
Италия үйлерін неге cу тегінге сатып жатыр?
Италияның көп елдімекені жойылып кетудің алдында тұр. Өйткені жастардың көбі қалаға көшіп, шағын қала-ауылдарда егде кісілер ғана қалған. Үкімет халық саны аз, тіршіліктің ізі қалмай бара жатқан елдімекендерін қайта жандандыру үшін ондағы ескі, қараусыз қалған үйлерді су тегінге сата бастады. Сатылымға шығарылған үйлердің негізгі дені қамқоршысы жоқ адамдар қайтыс болғаннан кейін мемлекет меншігіне өткен немесе мүлік иесінің мұрагерлері шалғайдағы ауылға барып тұрғысы келмей, жылдар бойы қараусыз тұрған. Италияда пайдаланылмай тұрған мүліктің өзіне салық төлеу керек. Сондықтан бұл үйлерді арзанға сатып, әуресінен құтылу меншік иесіне де тиімді. Осы себептен Италияның 25 муниципалитеті жергілікті үйлерді символикалық бағаға сатуды қолға алды.
Әлемнің көп елінде жылжымайтын мүлік бағасы жыл өткен сайын қымбаттап жатыр. АҚШ, Австралия, Канада, Еуропада баспана бағасының қолжетімсіздігінен көп адам өмір бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Сондықтан «1 еуроға үй алу» мүмкіндігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі азын-аулақ жиған-терген ақшасы бар, үйлі болғысы келетін адамдарды Италияға тартары сөзсіз. Үй сатылса, мүлгіп жатқан ауылда тіршілік басталады. Үй үшін қосымша төлемдер қазынаны толтырады, жергілікті риелторлар, құрылысшылар мен ұсталар жұмыс табады. Наубайханадан бастап, бояу сататын дүкенге дейін жергілікті бизнес өкілдерінің саудасы жүреді, ауылға жаңа тұрғындар келсе, кәсіп түрі көбейеді, экономика дамиды. Ескі үйлердің көбі жөндеуден өтсе, үкімет үй иелерінің қолымен ауылды толық реновациядан өткізіп алады. Айта берсе, бағдарламаның үкіметке пайдасы аз емес.
«1 еуролық үйлер бағдарламасы» қайдан шықты?
Бәрі 2008 жылы өнер сыншысы, тележүргізуші Витторио Сгарбиден басталды. Ол Сицилиядағы Салеми қаласының мэрі болғанда досының идеясымен ондаған жыл бұрын жер сілкінісінен қатты зардап шеккен қаланы қайта «тірілту» үшін үйлерді 1 еуроға беру бастамасын көтерді. Содан бері бұл концепция Италияның 30 шақты елдімекенінде қолдау тауып, бағдарламаға тіпті, Сицилия мен Сардиния аралдары да қосылды.
1 еуролық үйлерді қайдан іздейміз?
Мұндай үйлерді 1eurohouses.com, case1euro.it сайттарынан табуға болады. Кейінгі жылдары үйлері жоғары сұранысқа ие Сицилиядағы ұсыныстарды property-in-sicily.estate сайтынан қараңыз. 1 еуролық үйлердің толық тізімі қамтылған бірыңғай сайт жоқ. Бағдарламаға қатысатын әр елдімекен сатылымға шығарылған арзан үйлер тізімін жергілікті муниципалитет сайтына жариялайды. Мәселен, Comune of Sambuca’s немесе Citta de Troina’s – осындай жергілікті үкімет сайттары.
Кейде Auctions2Italy сайты да әртүрлі өңірдегі 2 еуролық (1164 теңге) үйлер тізімін салады. Осындай арзан үйлер алған адамдардың тәжірибесі мен кеңесі қажет болса, Europe.properties сайтындағы «How we did it» (Біз қалай жасадық?”) нұсқаулығын оқып шығыңыз.
Бұл не қылған батпан құйрық?
1 еуроға әлбетте, су жаңа үй алмайсыз. Көбіне бұл тізімге енген үйлерді күрделі жөндеуден өткізу керек. Үй сатып алуға көп ақша жұмсамағаныңызбен, оны өмір сүруге жарамды орынға айналдыру үшін біраз шығындалуға тура келеді.
Қазір «1 еуролық үйлер» бағдарламасына әртүрлі бағадағы арзан үйлер де кіреді. Мәселен, көп үй 1 еуро емес, 25-50 мың еуроға дейін тұрады. Үйдің жұмысы аз, неғұрлым өмір сүруге қолайлы болған сайын бағасы да жоғарылай береді.
Үй алудың қандай талаптары бар?
- Үй сатып алғаннан кейін 2-12 ай аралығында (әр өңірде мерзімі әртүрлі) жергілікті билікке үйді реновациядан өткізу жоспарын ұсыну керек.
- Жөндеу жұмыстарын құрылысқа рұқсат қағазын алғаннан кейін екі ай ішінде бастап, 3 жылда бітіруіңіз тиіс.
- Кепілдік үшін 5 мың еуро көлемінде депозит төлейсіз. Жөндеу жұмыстары үш жыл ішінде бітпесе, депозит қайтарылмайды.
- Сату процесі кезінде құжаттарды нотариалды рәсімдеу, үйді тіркеу, ақша аудару, жергілікті биліктен рұқсат алу, риелтор қызметі сияқты шығындардың бәрін үйді сатып алушы төлейді.
- Өзіңіз үй сатып алатын аудандағы талаптарды тексеріңіз. Кей елдімекен билігі меншік иесінен үйде өзі тұруын талап етеді. Кей өңірлерде жөнделген үйді саяжай немесе бизнес мақсатта пайдалануға болады.
- Сатып алушы жергілікті қоғамның өміріне қызу араласып, елдімекенде тұрып, қаланы дамытуға атсалысуы керек.
- Италиядан үй сатып алғысы келетін шетелдіктер салық кодын алуы керек (Италияда салық төлеуге қажет құжат). Еуроодаққа кірмейтін ел азаматтары үшін Италия мен сіздің еліңіздің арасында меншік иелену жайлы екіжақты келісім болуы тиіс.
1 еуролық үйлер қайда орналасқан?
1 еуролық үйлерді Италияның әртүрлі өңірінен табуға болады. Бірнеше мысал келтірейік:
Эмилия Романа — Болонья маңы, солтүстік Италия.
Абруззо — Римнің шығысындағы жағалауға жақын елдімекен.
Кампания — Неаполь маңы, Помпеи мен Амальфиге жақын.
Одан бөлек, атақты Сицилия, Лигурия, Апулия, Тоскана мен Сардиния бар.
Ескеретін дүниелер
Италиядан үй алмас бұрын арзан баспана ұсынатын елдімекендердің бәрін аралап көрген жөн. Ауылда дүкен, дәріхана, аурухана бар ма, олардың бар-жоғы сізге қаншалық маңызды, азық-түлік аптасына неше рет келеді, жақын маңда қандай елдімекендер бар, құрылыс заттарын үйге тапсырыспен алдыруға бола ма — осы сияқты күнделікті тұрмыста маңызды көп сұрақтың жауабын тек өзіңіз барып, адамдармен сөйлесіп ғана таба аласыз. 1 еуролық үйді Қазақстанда отырып, онлайн сатып аламын деп ойламаңыз. Кейде үй 1 еуродан қымбат, айталық 17-25 мың еуро тұрса да, сізге соны сатып алу әлдеқайда ұтымды болуы мүмкін. Ескі үйлердің реновациясы кейде жаңа үй сатып алғанннан қымбатқа түседі.
Үй аларда құрылыстан хабары бар адаммен кеңесіп, шатырын, еденін, есік-терезесін, үйге су, жарық, кәріз жүйесі қосылғанын тексеріп алыңыз. Жоқ болса, оларды қосқызу қанша болатынын да есептеу керек. Италиядан «1 еуролық үй» бағдарламасымен баспана алу бәрібір мойныңызға көп шаруа жүктейді. Бірақ қандай шаруалармен айналысу оңай болатынын, қайсысына мүлде бас қатырғыңыз келмейтінін өзіңіз таңдайсыз.
Жергілікті жұмысшылар сіз үйренген жылдамдық пен бюджетке келіспейтініне дайын болыңыз. Еуропада құрылыс жұмыстары ұзақ әрі қымбат тұрады. Сондықтан таңдаған үйіңізде жылдам түзетіп, ішінде тұра беруге болатын сау бөлме болса, жалдамалы пәтерге ақша шығындамай, сонда қалған жақсы. Бұл үйдің кемшіліктерін түсінуге де көмектеседі. Көп адам осылай сатып алған үйінде тұрып, жөндеу жұмыстарын жылдап өздері жүргізеді.
«1 еуролық үй» бағдарламасы сәтті болды ма?
1 еуролық үй бағдарламасы жайлы айтқанда, Муссомели елдімекені жиі аталады. Муссомели — Сицилиядағы елдімекен. Халық саны жыл өткен сайын қысқарып, қазір мұнда 10 мың тұрғын ғана қалған. Италиядан жартылай қираған, қараусыз үйлерді су тегінге алу мүмкіндігі ашылғалы Муссомелиге көп шетелдік көшіп келді. Жергілікті биліктің дерегінше, кейінгі жылдары аталған елдімекенде 18 ұлттың азаматымен 250 сату-сатып алу келісімшарты жасалған. Ескі үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталғалы Муссомелидің экономикасы аяққа тұрып, елдімекен Италиядан ғана емес, Еуроодақ тарапынан да қаржыландыруға ие болды. Енді Италияның көп ауылы осы жетістікті қайталағысы келеді.