Ауыл мектептеріне заңгер, инженер, ІТ мамандары мұғалім болып келе бастады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ауыл мектептеріне ұстаз болып түрлі саладағы білікті мамандар келіп жатыр/фото: жеке мұрағат
Ауыл мектептеріне ұстаз болып түрлі саладағы білікті мамандар келіп жатыр/фото: жеке мұрағат

Ауыл мектептеріне заңгер, инженер, ІТ мамандары мұғалім болып балаларға сабақ беріп жүр. Дені – өз саласының үздігі.

Олар жүрек қалауымен білімі мен тәжірибесін жас буынға бөлісуді көздейді.  Бұған елімізде білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуды көздейтін арнайы әлеуметтік бағдарламалар игі септігін тигізіп отыр. Соның бірі – Teach for Qazaqstan.

Бағдарлама нені көздейді?

Бұған толығырақ тоқтала кетсек,  Teach for Qazaqstan 2022 жылы құрылды. Мақсаты – әр баланың сапалы білімге қолын жеткізу. Осы арқылы оң өзгеріс әкелетін жаңа буын көшбасшыларының жолын ашу.

Бағдарламаның міндеті сол, түрлі салалардағы білікті мамандарды мектепке тартып, мұғалімдікке әзірлейді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Арнайы оқуын тәмамдаған соң, өңірлеріндегі мектептерге мұғалім етіп жіберіледі. 2 жыл бойы бағдарлама қатысушысы ретінде жұмыс істеуі қажет. Бұл кезеңде қатысушыларға кураторлық қолдау жасалып, ай сайын 300 000 теңге көлемінде стипендия алады.

Демек, ауыл мектептеріне ұстаз болып білікті мамандар келіп жатыр.

Мұғалімдікке әзірлік. фото: teachforqazaqstan.org

Үміткер дипломына сәйкес пәнге даярланады

Қазіргі уақытта Teach for Qazaqstan Қарағанды облысында жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін 31 қатысушы арнайы дайындықтан өтіп, өңірдің 9 мектебінде сабақ беріп жүр.

«Жалпы, бізде 2 ағымнан тұратын 35 қатысушы бар. Биыл үшінші ағымға іріктеу сәтті өтті, қатысушылар таңдалып қойды. Жалпы педагогикалық қайта даярлаудан өту үшін үміткердің дипломы мен транскрипті бойынша сәйкес келетін пәнге даярлаймыз», – дейді Teach for Qazaqstan бағдарламасында директоры Гүлнара Салмен.

Қандай талаптар қойылады?

Үміткерге қойылатын бірқатар талаптар бар. Мәселен, мамандығы экономист болса, транскриптінің ішіндегі кредиттер санына қарап, ол кісі тек математика пәнінің мұғалімі бола алады. Ал халықаралық құқық мамандығын бітірген үміткер тарих немесе география пәніне қайта даярлана алады. Бұл оның транскриптіндегі кредиттер санымен анықталады.

Бір сөзбен айтқанда, пәнді тек өзінің мамандығына қарай таңдай алады.

«Бағдарлама өз орнымды табуға себеп болды»

Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Шоқан Уалиханов» атындағы мектеп лицейдің мұғалімі Жаннұр Ерғали Teach for Qazaqstan-ның ұстаз ретінде қайтадан өзін тануына көмектескенін айтты.

Сабақтың бір сәті. Жаннұр Ерғали/фото: жеке мұрағат

Оның бұрынғы мамандығы – экономика магистрі. Бұған дейін ауыл шаруашылығын дамытуға төмен пайызбен қаржыландырумен айналысқан.  Бұл салада 3,5 жыл қызмет атқарған.

«Бұл – өз орнымды табуыма себеп болған бағдарлама.  Алғаш рет бағдарлама жайлы әлеуметтік желіден білдім. Ішкі миссиясы, қоғамға әсері мені қатты қызықтырды. Өтініш беріп, іріктеуден өтіп, қазір Қарағанды облысында бағдарлама арқылы  география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатырмын», – дейді ол.

«Бұрынғы мамандығым жаман болған жоқ»

Жаннұр Ерғалиді балалармен бірге даму, бірге ойлану, олардың көзқарасын тыңдау шабыттандырады.

«Ең басты жобаға келуге өзімнің туған өңіріме пайдам тисе екен деген ниет, жүрегімнен шыққан миссия түрткі болды», – дейді мұғалім.  

Ол PhD түскіcі келіп, құжат жинап жүргенде, бағдарлама жайлы білген.

«Осы салада пайдам көберік болар деп саламды өзгертуді шештім. Бұрыңғы мамандығым жаман болған жоқ. Керісінше, кейде сол жақта алған тәжірибемді ұстаздықта қолданамын. Білім беру жүрегіме жақын болған шығар», – дейді Жаннұр Ерғали.

«Өмірімді саудамен байланыстырғым келмейтінін түсіндім»

Екінші кейіпкеріміз – Алматы қаласының тұрғыны Балауса Жолдасханова. Ол мұғалімдікке сауда саласынан келген. Қазір педагог кәсіби бағдар беруші және пікірсайыс үйірмесінің жетекшісі.  

Пікірсайыс үйірмесі. Балауса Жолдасхан/фото: жеке мұрағат

«Жобаға келгенге дейін мен бөлшек сауда саласында (ритейл) жұмыс істедім. Өзім 18 жасынан бастап жұмыс істей бастадым. Сол кездері сауда сферасында жұмыс істеу және оқумен біріктіру оңайырақ болды. Мен бұл салада 10 жылдан астам жұмыс істедім және мәнсап құрдым. Бірақ мен өз өмірімді осы сауда саласымен байланыстырғым келмейтінін түсіндім», – дейді ол.

Сондықтан Teach for Qazaqstan жобасына жүгінген. Өйткені, балалармен жұмыс істеу, түсіндіру, әр түрлі тақырыптарды талқылауды ұнатады. «Бұрынғы жұмыс орында мен жаңа қызметкерлермен жұмыс істедім. Оларды бейімдеумен айналыстым және тренингтер өткіздім. Бұл маған рахат әкелетін процес болды. Бұдан бөлек, түсіндіру процесі, қателіктерді анықтау, реакцияларды байқау – бәрі де қызықты болды», – дейді маман.

«Білімім мен тәжірибемді жас буынға бөліскім келді»

Жандос Айдарханов – Teach For Qazaqstan жобасының алғашқы қатысушыларының бірі. 2023 жылы жобаның финалисі атанып, Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданындағы мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатыр.

«Жоғары оқу орнын 2022 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша аяқтадым. Университет қабырғасында оқып жүрген кезімде, арасында «мұғалім болып жұмыс істеп көрсем қалай болар екен?» деген ойлар мазалайтын. Өйткені менің отбасымда анам да, бауырларым да – барлығы мұғалімдер. Олардың мамандыққа деген адалдығы мені әрдайым шабыттандырып келді», – дейді мұғалім.

Жандос Айдарханов/фото: жеке мұрағат

Жандос Айдарханов Ұлттық Ақпараттық Технологиялар АҚ-да инженер және junior Java-әзірлеуші ретінде еңбек жолын бастаған. Алайда уақыт өте келе ішкі сезімімді тыңдап, жаңа мүмкіндіктерді іздей бастапты.

«Сол кезде Teach For Qazaqstan жобасына іріктеу жүріп жатқанын көрдім. Жобаның мақсаты мен құндылықтары менің ішкі ойларыммен үндесіп, өзімді сынап көруге шешім қабылдадым», – дейді ол.

Жандос Айдарханов мұғалім болу туралы шешімді бұрынғы мамандығы ұнамағандықтан емес, жинаған білімі мен тәжірибесін жас буынға бөлісу үшін қабылдаған.

Айта кететін жайт, Қазақстан мектептеріне мыңға жуық педагог жетіспейді.

Сондай-ақ оқыңыз