Араб инвесторы Жамбыл облысында жел электр станциясын салады

Мәжіліс Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) арасындағы Жамбыл облысында жел электр станциясын салу туралы келісімді мақұлдады. Жоба аясында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы және қуаты 300 МВт энергия жинақтау жүйесі салынады. Инвестор — БАӘ-нің беделді Masdar компаниясы.
Бұл жоба жаңартылатын энергия көздерін дамыту жолындағы еліміздің ірі қадамдарының бірі саналады. Ол Қазақстан мен БАӘ арасындағы энергетикалық әріптестікті нығайтып қана қоймай, жаңартылатын энергия үлесін 3%-ға ұлғайтады.
Жел электр станциясы жылына 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл СО₂ шығарындыларын жылына 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Елімізде алғаш рет қолданылатын энергия жинақтау жүйесі тұтынудың шектік сәттерінде энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Жобаның жалпы құны — 1,4 млрд АҚШ доллары. Құрылыс кезінде шамамен 1000 уақытша, ал пайдалануға беру кезеңінде 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар отандық кадрларды оқыту бағдарламасы жүзеге асырылады.
Ұзындығы 425 шақырымдық жоғары вольтты желілердің құрылысы елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып, ұлттық энергия жүйесінің тұрақтылығын арттырады. Сондай-ақ жоба аясында жергілікті тауарлар мен қызметтерді пайдалану көзделіп отыр.
Келісім Қазақстанның экологиялық жауапкершілігін арттырып, халықаралық міндеттемелерін орындауға ықпал етеді. Жоба экологиялық, әлеуметтік және тұрақтылық стандарттарына сай жүзеге асырылады.
Маңғыстауда де жел электр станциясы салынады. Жел электр станциясы 2025 жылы іске қосылады. Ол бір жылда 182,9 млн кВт/с таза энергия өндіреді.