Америкада оқитын шетелдік студенттерді елден шығару ережесі өзгерді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Енді АҚШ-тағы шетелдік студенттерді елден шығару бұрынғыдан да жиілеуі мүмкін. Сот бұған негіз бола алатын себептерді көбейтті деп хабарлайды Associated Press. Енді АҚШ-та студенттік визасы кері қайтарылған шетелдік студент заңды мәртебесінен айырылуы мүмкін.

АҚШ визасы елге кіруге арналған. Ал елде болу құқығы — студенттің иммиграциялық мәртебесіне байланысты. Тіпті визасының мерзімі өтіп кетсе де, шетелдік студент елде заңды түрде қала береді. Бірақ жаңа ереже бойынша, егер Мемлекеттік департамент визаны кері қайтарса, студенттің мәртебесі де жойылуы мүмкін.

«Бұл ереже үкіметке студентті ешқандай ережені бұзбаса да, жай ғана визасы қайтарылғаны үшін елден шығарып жіберуге мүмкіндік береді», – деді иммиграциялық заңгер Брэд Баниас.

Америкалық оқу орындары шетелдік студенттерді қабылдай алмауы мүмкін

Бұл өзгеріс АҚШ-та оқитын шетелдік студенттердің жағдайын одан әрі қиындата түседі. Жақында ғана Америкадағы ең бай білім мекемесі – Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салынуы мүмкін екенін хабарлаған.

Себебі АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм университет басшылығынан «заңсыз әрекет жасаған, күш көрсеткен» шетел студенттері туралы мәлімет беруді талап етті. Егер ол талап орындалмаса, білім ордасына басқа елдің студенттерін қабылдауға тыйым салынады. Университет Студенттік және тәжірибе алмасу бағдарламасы (SEVP) сертификатынан айрылады. Гарвард есепті 30 сәуірге дейін тапсыруы тиіс.

Бүгінге дейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі ФБР дерекқорынан 734 шетелдік студенттің есімі бар тізім алды. Бұл базаға айып тағылмаған, бірақ қамауға алынған барлық адамдардың мәліметі енгізіледі.

Аталған өзгерістердің барлығы қазақстандық білімгерлерге де қатысты. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында Гарвард университетінде 24 қазақстандық білім алған. Олардың ішінде 1 адам техникалық мамандық, 17 адам гуманитарлық бағыт, 5 адам әлеуметтік ғылымдар, 1 адам медицина саласы бойынша оқыған.

Ал осы жақында Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің үш түлегі Гарвард және Калифорния университетіне түсті.

Сондай-ақ оқыңыз