Алматыда 1 мамырдан бастап субұрқақтар маусымы басталады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматыда субұрқақтар маусымы басталады / фото: Алматы әкімдігі

Алматыда 1 мамырдан бастап субұрқақтар маусымы ресми түрде ашылады. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Қала тұрғындары мен қонақтары сүйікті демалыс орындарында субұрқақтардың әсем көрінісін күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін тамашалай алады. Субұрқақ маусымы 1 қазанға дейін жалғасады. Алайда ауа температурасы +5°C төмендесе, қауіпсіздік талаптарына сәйкес субұрқақтар уақытша тоқтатылады.

Биылғы маусымда 56 коммуналдық субұрқақ кешені іске қосылады, олардың 11-і — «құрғақ» субұрқақтар, яғни су ағындары жерден тікелей атқылайтын түрі. Бұл нысандарға техникалық қызмет көрсету мен санитарлық қауіпсіздікті «Eco Almaty» ЖШС қамтамасыз етеді.

Сәуір айында қаладағы төрт орталық субұрқақта ауқымды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Атап айтқанда:

  • Алматы әкімдігі ғимараты жанындағы Шығыс және Батыс субұрқақтар,
  • Республика алаңындағы субұрқақ,
  • Ғ.Мүсірепов атындағы театр маңындағы субұрқақ.

Қазіргі таңда бұл нысандарда бөлшектеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қайта жаңарту толықтай 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланған. Жаңарғаннан кейін бұл орындар заманауи әрі жайлы демалыс кеңістігіне айналады.

Сондай-ақ оқыңыз