Алматы облысында 1 келіден астам есірткі тәркіленді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы барысында полиция қызметкерлері Mitsubishi Lancer маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді. Көлік жүргізушісі – Байсейт ауылының 34 жастағы тұрғыны болып шықты.
Көлік салонын тексеру кезінде артқы орындықтан өсімдік тектес зат салынған 20 түйіншегі бар полиэтилен пакет табылды. Заттың иісі марихуанаға тән болған. Сонымен қатар, көліктен қолдан жасалған пышақ та тәркіленген.
Полицияның мәліметінше, ер адам медициналық сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде оның есірткі қолданғаны анықталып, нашақорлық күйінде болғаны расталды. Ал сараптама қорытындысы тәркіленген заттың 1 келі 153 грамм кептірілген марихуана екенін көрсетті.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шараларды қолға алған.
Полиция есірткі айналымына байланысты заңсыз әрекеттерден бас тартуға шақырады және Қазақстан Республикасы заңнамасында мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.