Су тасқыны: Солтүстік Қазақстан әкімі шұғыл кеңес өткізді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Солтүстік Қазақстанда Есіл өзенінің деңгейі тағы жарты метрге көтерілді / фото: ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте тағы жарты метрге көтеріліп, шаруашылық құрылыстарын су басты. Әкіл шұғыл кеңес өткізді.

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов 1 мамырда таңертең Тепличное ауылында өңірдегі су тасқыны жағдайына байланысты жедел кеңес өткізді. Облыс әкімі басшылардың есебін тыңдады.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, табиғаттың тосын мінезіне қарсы күрес күріп жатыр – Тепличное ауылындағы бөгетті сақтау міндеті орындалды.

«Су толықтай қайтқанға дейін күшейтілген режимдегі жұмыс жалғасады. Әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды сақтау үшін әрі қарай да үйлесімді және жауапкершілікпен әрекет етуіміз қажет», – деді облыс әкімі.

Басты мақсат – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан академиясы, 6637 әскери бөлімі, Азаматтық қорғау академиясы, басқа өңірлерден келген құтқарушылар, мемлекеттік қызметшілер, облыс аудандарының өкілдер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тәулік бойы жұмыс істеп жүр.

Сүңгуірлер де тартылды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері белсенді көмек көрсетті. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындарға көмекті полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде. Тамақтану ұйымдастырылып, жедел жәрдем кезекшілік етті.

1,5 мыңнан аса адам мен қажетті техника жұмылдырылды. Әкім елдімекенді су тасқынынан қорғауда көрсеткен баға жетпес көмектері үшін өңір басшысы әрқайсысына шын жүректен алғысын білдірді.

«Мерекеге қарамастан, азаматтарымыздың көбі елдімекендерді қорғап, бөгеттерді бекітіп, жұмыс істеп жүр. Жерлестеріміздің бірлігі, батырлығы мен жанқиярлығының арқасында біз кез келген қиындықтарды еңсеріп, ортақ мақсаттарға жетіп келеміз. Сіздерді Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға сарқылмас күш-қуат, амандық пен бақ-береке тілеймін!» – деді СҚО әкімі.

«Қазгидромет» мәліметінше, өңірдегі Покровка ауылындағы бекетте су деңгейі бір тәулікте 57 см-ге көтерілді. Су деңгейі – 1246 см. Қауіпті деңгей – 1300 см.

Новоникольское ауылындағы бекетте су деңгейі 24 сағатта 45 см-ге көтерілді. Су шаруашылық құрылыстарына дейін жетті. Бақшаларға су жайылды.

«Су деңгейінің одан әрі қарай көтерілуі және қауіпті деңгейден асып кетуі мүмкін», – деп ескертті мемлекеттік кәсіпорын.

Есіл өзенінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстанда бірнеше ауыл мен қаланы су басу қаупі туып тұр. Өңірдегі Покровское ауылы аралға айналды.

Сондай-ақ оқыңыз