Nissan Қытайдағы екінші зауытын жабады

Жапон автоконцерні Ухань қаласындағы өндірісті тоқтатпақ. Бұған рекордтық қаржылық шығындар, Қытай нарығындағы дағдарыс және жергілікті брендтердің қысымы себеп болды. Nissan-ның жаһандық болашағына қауіп төніп тұр.
Автоконцерн бұл қадамға баруға мәжбүр болды
Жапониядық Nissan компаниясы соңғы екі жылда Қытайдағы екінші зауытын жабуға мәжбүр. Бұл жолы сөз Ухань қаласындағы өндірістік алаң туралы болып отыр. Онда Ariya электрокроссовері мен X-Trail моделдері құрастырылған. Dongfeng Motor компаниясынан жалға алынған бұл зауыт 2022 жылдан бері жұмыс істеп келді. Алайда жоба қуаттылығы жылына 300 мың автокөлікке дейін толық пайдаланылмады. Жыл сайын небәрі 10 мыңдай көлік шығарылып келген. Бұл Қытайдағы сатылымның күрт төмендеуінің салдары. Себеп жапон брендінің өнімдеріне сұраныстың азаюы және жергілікті өндірушілер тарапынан бәсекенің күшеюі.
Зауыттың жабылатыны жайлы ақпаратты қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары растады. Бұл шешім Nissan-ның шығындарды азайту, өндірісті оңтайландыру және негізгі нарықтардағы стратегияны қайта қарау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларының жалғасы болды.
Компанияның нәтижелері де төмен
Биылғы қаржы жылының қорытындысы бойынша кейінгі онжылдықтағы ең нашар көрсеткіштер тіркелуі мүмкін. Сарапшылардың болжамы бойынша, таза шығын көлемі 700–750 млрд иенге (шамамен 4,9–5,2 млрд доллар) жетпек. Бұл бастапқы талдаушылар болжаған 80 млрд иен (шамамен 560 млн доллар) шығыннан бірнеше есе жоғары. Қаржылық есеп 13 мамырда ресми түрде жарияланбақ, бірақ қазірдің өзінде компанияның жағдайы өте ауыр екені байқалады.
Уханьдағы зауыттың жабылуы 2023 жылы Чанчжоудағы өндірістік алаңның жабылуынан кейінгі кезекті қадам болды. Dongfeng-пен бірлесіп салынған бұл зауыт 2020 жылдан бастап жұмыс істеп, жылына 130 мың көлікке дейін шығарған, оның ішінде Nissan Qashqai үлгісі де бар. Бұл кәсіпорынның жабылуы Nissan-ның Қытайдағы жалпы өндіріс көлемінің шамамен 8 пайызынан айырылуына алып келді.
Қытай көп жылдар бойы Nissan үшін негізгі нарықтардың бірі болды. Алайда жергілікті брендтердің, әсіресе электромобиль сегментінде, шапшаң дамуы шетелдік компанияларды қиын жағдайға қалдырды. 2023 жылы қытайлық маркалардың нарықтағы үлесі 50%-дан асып, шетелдік өндірушілерді ығыстыра бастады.
Осы ахуалға байланысты Nissan жаңа жолдар іздеуге мәжбүр
Компания қызметкерлер санын азайтып, шығынды зауыттарды жабуда және модельдік қатарын қайта қарап жатыр. Honda-мен бірігу туралы келіссөздер сәтсіз аяқталған соң компания басшылығы стратегиялық инвестор іздестіруге кірісті. Ықтимал серіктестердің қатарында – Apple компаниясымен жұмыс істейтін және электромобильдер саласына белсенді кірісіп жатқан Тайваньдық Foxconn техногиганты бар.
Сарапшылардың пікірінше, Nissan-ның алдағы тағдыры реформа сәттіліктеріне және автокөлік нарығының жаңа шындығына бейімделу қабілетіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, электромобильдер дәуірі, цифрландыру және технологиялық компаниялардың бәсекесі де әсер етеді.
Еске сала кетсек, Honda автоконцерні Nissan-ға өзіне толық тиесілі еншілес компания болуды ұсынып, нәтижесінде қос тараптың бірігу туралы мәмілесі тоқтатылған еді. Алып автокомпаниялар қытайлық өндірушілермен бәсекелесу үшін бірікпен болған.