Алматы әуежайының түрік қожайыны оразада 46 млн евро шығынға батты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы әуежайынан ғана табыс кіріп тұр / фото: shutterstock

Алматы халықаралық әуежайының иесі – TAV Airports түрік холдингі 2025 жылғы алғашқы тоқсанның есебін жариялады. Компанияның үш айдағы жиынтық табысы 378 млн еуро болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен көп (2023 жылғы алғашқы тоқсан – 324 млн еуро).

Холдинг шығыны да артқан. Салық және несие төлегеннен кейін TAV Airports-тың биылғы алғашқы тоқсандағы таза шығыны 45,6 млн еуро болды. Түрік компаниясы оны маусымның нашарлығымен түсіндірді.

TAV Airports-тың инвесторларға дайындаған есебінде Рамазан айының 2025 жылғы наурызда Алматы, Анкара және Измирдегі әуежайларға әсері баяндалған. Бұған қоса, наурызда Измир мен Анталиядағы нәтижелерге Пасха діни мерекесі де әсер еткен. Осы әуежайлардың табысы наурызда төмен болды. Мәселен, Анталиядағы әуе порты наурызда 1 млн 88 мың жолаушыға қызмет еткен. Бұл 2024 жылғы наурыздағы көрсеткіштен 17% төмен. Алматыда наурызда трафик өсімі бар болғаны 2% болған. Ал тоқсандағы өсім 7% көрсетті.

Алматы әуежайы TAV Airports-тің ең табысты активі болып тұр. Холдингтің бірінші тоқсандағы жиынтық табысы 90,1 млн еуро болса, соның 30,1 млн еуросы Қазақстандағы әуе портының үлесіне тиесілі.

15 әуежайда үлесі бар TAV Airports компаниясы соларды басқарады. Олардың бесеуі Түркияда – Анкарада Есенбұға, Миляс-Бодрум, сонымен бірге Измир, Газипаша және Анталиядағы әуежай. Грузиядағы Тбилиси мен Батумиде, Македониядағы Скопье мен Охридтегі әуежайлар түрік компаниясына тиесілі. Бұған қоса Тунистегі Энфида мен Монастир, Мәдина (Сауд Арабияс), Рига (Латвия), Загреб (Хорватия) әуе порттары бар. TAV Airports Алматы әуежайының 85% үлесіне бес жылдан бері иелік етеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы TAV Airports Holding және Kazakhstan Infrastructure Fund компаниялары кіретін консорциум «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның 100% акциясын Venus Airport Investments B.V.-дан 415 млн долларға сатып алған. Соңғысын миллиардер Тимур Құлыбаев сингапурлық Steppe Capital Pte. Ltd арқылы басқарады.

Сондай-ақ оқыңыз