Әскери парадқа байланысты Астанада көшелер жабылып, автобустардың бағыты өзгереді

Астанада 7 мамырда өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа байланысты 3 мамырдан бастап көшелер уақытша жабылып автобустардың жүру маршруты өзгереді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
«Астанада Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге ауқымды дайындық басталды. Осыған байланысты 3 және 4 мамыр күндері бірқатар көшеде уақытша шектеулер енгізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.
3 мамырда қандай көшелер жабылады?
Әкімдік хабарлауынша, 3 мамыр күні таңғы сағат 5-тен 6:30-ға дейін А-334 көшесі бойымен, Ақжол даңғылы-Қошқарбаев даңғылы-Момышұлы даңғылы-Тәуелсіздік даңғылы арқылы әскери техника жүріп өтеді. Сол күні 6:30-дан 8:00-ге дейін А-334 көшесі бойынша – Ақжол-Қошқарбаев-Аманжолов-Нәжімеденов бағыты арқылы парадтық жеке құрам тасымалданады.
Осындай шараларға байланысты 3 мамырда сағат 5:00-ден 13:00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы Момышұлы даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта жабық болады. Ал Ақыртас, Қалдаяқов көшелері мен Қошқарбаев даңғылында көлік қозғалысына шектеу қойылып, уақытша техника орналастырылады.
Сонымен бірге 3 мамырда таңғы 5-тен т.скі 2-ге дейінгі аралықта Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының алдындағы тұрақ жабылмақ. Қуанышбаев, Нәжімеденов, Байтұрсынов және Нұрмағанбетов көшелерінде жеке құрамы бар автобустарды орналастыру үшін жол қозғалысы шектеліп, мұндағы тұрақ орындары да уақытша жабық болады. Шектеулер әскерилер жаттығудан қайтқаннан кейін алынады.
«Бұл күн әскерилердің оралуымен аяқталады. Сағат 12:30-дан 14:00-ге дейін техника мен автобустар Нұрмағанбетов-Қошқарбаев-Ақжол-А-334 бағыты арқылы орналасу пунктіне қайтады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
4 мамырда өтетін іс-шаралар
4 мамырда да әскерилер мен әскери техника осы уақытта дәл осы схема бойынша қозғалады. Яғни 3 мамыр күнгідей 5:00-ден 14:00-ге дейінгі аралықта жоғарыда аталған көшелер жабық болады. Жаттығудан әскери техника 12:30-дан 14:00 аралығында қайтады.
!кәмдәк сонымен бірге жаяу жүргіншілер маршруты да өзгеретінін хабарлады. Бұ күндері кейбір жаяу жүргіншілер өткелдері жабылып, басқа тұсқа бағытталады. Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтарына белгілер бойынша жүру немесе уақытша белгілерді ұстану жөнінде кеңес берілмек.
«Әскери техниканың қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында шеру өтетін орындардағы кейбір учаскелерде бағдаршам нысандары консольдерінің жоғарғы бөлігі бұрылады», – деп хабарлайды әкімдік.
Шектеу енгізіліп, жабылған учаскелерде қозғалыс жаттығу іс-шаралары аяқталғаннан кейін қайта жанданады. Ал шектеу енгізілген уақытта қалада құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік етіп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды.
Сонымен бірге дайындық күндері және парад өтетін 7 мамыр күні 30-ға жуық қоғамдық көліктің бағыты уақытша өзгереді. Ол автобустар мыналар: №3, 4, 4А, 14, 15, 15А, 19, 21, 29, 29А, 30, 32, 40, 43, 47, 50, 51, 55А, 55Б, 56, 57, 58, 61, 62, 66, 84, 121, 502, 504.