Мұнайдың арзандауы себеп: Ұлттық қорға түсетін қаржы екі есе қысқарды

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасы 5,8%-ға өссе де, бюджетке салық біркелкі түспеді. Ұлттық қор кірісі айтарлықтай төмендеп, 622 млрд теңгені құрады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бұл өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға аз, яғни 547 млрд теңгеге кем деп жазады.
Оға себеп – мұнай бағасының арзандауы. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында мұнайдың орташа бағасы барреліне 81,8 доллар болса, биыл жыл басында 74,8 долларға дейін төмендеген.
Соның салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар салығы 85 млрд теңгеге, ал корпоративтік табыс салығы 378 млрд теңгеге қысқарды. Осылайша, Ұлттық қорға түсетін салықтардың орындалуы небәрі 13%-ды құрады. Былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 25% болған.
Ал жергілікті және республикалық бюджеттерге түсетін кіріс керісінше өсті. Жергілікті бюджетке 292 млрд теңгеге көп түсім түсті, бұл 16%-ға өсім деген сөз. Бұл халық табысының артуы, шағын және орта бизнестің көбеюі және олардың табысының өсуімен байланысты.
Республикалық бюджетке түсім 520 млрд теңгеге артып, 20%-дық өсім көрсетті. Бұған қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы себеп болды. Сонымен қатар, өткен жылы қайтарылған ҚҚС көлемінің жоғары болуы, ірі компаниялардың табысының өсуі және салықтық әкімшілендіру шаралары әсер етті. Көлеңкелі экономиканың қысқаруы да өз үлесін қосты.
Бюджет шығындары кірістен 857 млрд теңгеге асып түсті. Алайда кей шығындар игерілмей қалды, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жетті. Бұл қаржының бақылау шотында қаражаттың жетіспеуінен орын алды.
Жергілікті бюджет шығындары 21,4%-ға артып, ең көп қаржы білім беру, қаржылық активтерді сатып алу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жұмсалған. Ал республикалық бюджет шығындарының өсімі небәрі 4,4% болды.
Бюджет тапшылығын жабу үшін мемлекет 1,5 трлн теңге қарыз алған. Жылдық жоспар 8,3 трлн теңге болғанымен, соның тек 17,8%-ы ғана орындалды. Сондықтан алдағы тоқсандарда қарыз алу көлемі артуы мүмкін.
Жалпы, 2025 жылы мемлекеттік қарыз көлемі 37,2 трлн теңгеге жетіп, жалпы ішкі өнімнің 24,7%-ын құрауы ықтимал. Бұл көрсеткіш халықаралық деңгейде аса жоғары емес, бірақ оны өтеуге кететін шығын тым көп. Мысалы, 2024 жылы қарыз пайыздарын төлеуге республикалық бюджет шығынының 9,3%-ы жұмсалған. Салыстыру үшін, АҚШ-та бұл көрсеткіш 15,6% болса да, олардың қарызы ЖІӨ-нің 123%-ына тең.
2025 жылдың І тоқсанында республикалық бюджетке салық жоспардан артық түскен. Үкімет қаңтар-наурыз айларында бюджетке 6 трлн теңге түседі деп жоспарлағанымен, кірісі 4,9 трлн теңгені құраған.