Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жалғыз бірінші ханым – Сара Назарбаева

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Сара Назарбаева – Қазақстан тарихында болған тұңғыш және әзірге, жалғыз бірінші ханым. Кейінгі жылдары оның ауыр халде жатқаны жайлы екі-үш рет жаңалық шықты. Кейбірін Назарбаевтың баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарды. Осы орайда экс-бірінші ханымның өмір жолына көз жүгірттік.

Сара мен Нұрсұлтан қалай танысты?

Сара Алпысқызы 1941 жылы 12 ақпанда дүниеге келген. Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын шығарған «Менің өмірім. Бодандықтан Бостандыққа» атты кітабында Сараның атасы Қонақай Арқадағы атақты бай болғанын жазады. Ұзақ уақыт ұлы болмаған. 60-тан асқан шағында бәйбішесі айттырып, жас қызға үйлендіреді. Сол әйелінен ұл туып, атын Алпыс қояды. Алпыстан Сара туады. Ашық деректерге сенсек, бес жасында анасы қайтыс болады. 12 жасында Сара мектепті тастап, тігін фабрикасына орналасады.

21 жасында Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеп жүріп, домна пешінің жанында болашақ жұбайы Нұрсұлтан Назарбаевпен танысады. Зауытта апат болып, Сара түні бойы электр станциясында кезекшілігін атқарған. Ал Назарбаев домна пешінің жанында төгілген металды тазалап жатқан екен.

Мектепті тастап кеткеніне қарамастан, 1972-1976 жылдар аралығында Теміртау зауытының жанындағы мекемеде «өнеркәсіпті жоспарлау» атты мамандық бойынша жоғары білім алады. Кейін сол зауытта жұмыс істеген деп жазылған ашық деректерде. 1963 жылы Дариғаны, 1967 жылы Динараны босанады. 1980 жылы өмірге Әлия келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш бірінші ханымы

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев ажырасқан, сондықтан тәуелсіз Қазақстан тарихында біз білетін жалғыз бірінші ханым – Сара Назарбаева.

2000-жылдардың басында Сара мен Нұрсұлтан Назарбаевтар көпшілік алдына жиі шығатын. Президент баспасөз қызметі олардың қыздарының, немерелерінің ортасындағы суреттерін жиі жариялады. Ал жаңалықтарда қолтықтасып, халық арасында бірге жүрген видеолары көрсетілді.

 Жағдай 2010-жылдардан кейін өзгерді. Сара Назарбаева көпшілік алдына жиі шықпады, медиада оның есімі сирек атала бастады. Салтанатты шараларда Назарбаевтың жанында үлкен қызы Дариға Назарбаева жүретін еді. 2015 жылы экс-президенттің Ұлыбританияға сапарында оның жанында жұбайы емес қызы болды.

Фото: Ақорда

Сара Назарбаеваның жобалары аяқсыз қалды ма?

Бірақ Сара Назарбаева негізін қалаған жобалар аз емес. Тоқсаныншы жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша, президенттің жұбайы ретінде қайырымдылықпен, ана мен бала мәселесімен айналысты.

1992 жылы ақпанда «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалады. 1996 жылы «Бөбек» Сара Алпысқызының қоғамдық қоры» деп өзгертілді. Қазір «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру қоры» деп аталады. Қор жанында мектеп, гимназия, балабақша,институт та бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында бюджеттен миллиондаған қаржы алады. Соңғы рет осы жылы ақпанда «Оқу-ағарту министрлігі» шипажайлық-курорттық емдеу/емдеу-сауықтыру демалысы деген қызмет үшін 662 млн теңге бөлген. Ал 2025 жылы қаңтарда білім беру/ оқыту қызметі үшін тағы 258 млн теңге берілген.

Сара Назарбаеваның тағы бір бастамасы – «Өзін-өзі тану» пәні. Алғашында 2001 жылы пилоттық жоба ретінде басталды. 2010 жылдан бастап ресми түрде міндетті мектеп кестесіне енгізілді. Бұл пәнді бастауыш сыныптарынан бастап 11 сыныпқа дейін оқытатын. Оқулықтарының кейбірін «Бөбек» баспасы шығарса, кейбірін «Дәуір» баспасы дайындады. Айта кетейік, соңғы мекемені Назарбаевтың жеңгесі Светлана Назарбаевамен байланыстырады.

2022 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Өзін-өзі тану» пәні барлығына бірдей оқытылмайды деді. Яғни оқушылардың таңдауына қарай кестеге енгізіледі. Кейінірек пән толығымен алынып тасталды. Ал осы пәнді оқытқан мыңдаған мұғалім сағаттарынан айырылды.

Сара Алпысқызының тағы бір бастамасы – «SOS: Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қоры. Халықаралық қайырымдылық ұйымы SOS Children’s Villages Association-ның құрамына кіреді. Қордың қамқоршылық кеңесінің құрамында оның қызы Динара Құлыбаева бар. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсететін қордың филиалдары Нұр-Сұлтан, Алматы және Теміртауда орналасқан.

Бұл ұйым да мемлекеттен миллиондаған қаржы алатын мекеменің бірі. Мәселен, осы жылдың басында «Астана қаласының Білім басқармасы» жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ұстау, тәрбиелеу, дамыту деген қызмет үшін 367 млн теңге бөлген.

Фото: мемлекеттік сатып алу сайты

Сара Алпысқызының тағы бір жобасы – «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты». Институт «қазақстандық балалардың әл-ауқат деңгейін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің деңгейіне дейін арттыру» мақсатында құрылған. 2023 жылы мекеме атауын өзгертті, ал былтыр толығымен мемлекет меншігіне өтті.

Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевпен ажырасты ма?

Нұрсұлтан Назарбаевтың сайтында заңды жұбайы ретінде әлі де Сара Алпысқызының есімі тұр. Екі жыл бұрын кейбір телеграм арналар Назарбаеваның тегін ауыстырғаны жайлы жаза бастады. Ашық деректерде «Назарбаева Сара Алпысқызы» деген жеке кәсіпкер бар. 2017 жылдан бастап ресми тіркелген. Ал иесі ретінде Қонақай Сара Алпысқызы көрсетілген.

Қызығы, ұзақ уақыт үнсіз кеткен Сара ханым медиаға қайта шықты. 2023 жылы өзі негізін қалаған «Бөбек» қорының тәрбиеленушілеріне «Махаббат сабағы» атты дәрісін өткізді. Оны телеарналар да шығарды, бірақ есімін Сара Назарбаева деп таныстырды.

«Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» кітабында экс-президент Сарадан кейін екінші жұбайы Әселмен мұсылманша діни неке қиғанын, екі ұлы туылғанын жазады. Бірінші әйелі Сараның «түсіністікпен қарағанына ризашылығын білдіреді». Бірақ онымен ажырасқаны туралы еш сөз жоқ.

Бүгін кейбір БАҚ-та Сара Назарбаеваның ауыр халде аурухана жатқаны жайлы ақпарат жарияланды. Бірқатар ақпарат көздерінің мәліметінше, оны жағдайы екі апта бұрын күрт нашарлаған. Қазір ол Алматыдағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз