«Делайте» деген сөзді мен айтқан жоқпын – Шерзат ісіндегі куә

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Куә Самат Әбдіқадыр «делайте» деп айтпадым дейді
Куә Самат Әбдіқадыр «делайте» деп айтпадым дейді/фото: видеодан скриншот

Шерзат Полат ісінде 2025 жылдың 5 мамырында сотқа дейінгі тергеуде беттестіру барысында түсірілген видео көрсетілді. Ол жерде жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов пен 2025 жылдың 28 сәуірінде куә ретінде шақырылған Самат Әбдіқадырды беттестіру сәті түсірілген.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде куә Әбдіқадырдың лақап аты «Чика» екені, «Қамажай» дүкені алдында «делайте» деп айтқаны туралы видео тарап жатыр.

Беттестіру барысында Қаржаубай Нұрымов «төбелеспеймін, мен үшін жігіттер төбелеседі. Жанындағыларға «Делайте» деген сөз осы жігіттің аузынан шықты» деген.

Ал куә Самат Әбдіқадыр бұл жауапқа келіспейтінін айтты.

«Нұрқанатпен сөйлескеннен кейін дүкенге кірдік. Дидар екі сыра алды. Сатушы жоқ екен. Сатушы кім дегенде осы кісі кірді. Темекі алып, төлейін деп жатқанда сыртта гүрс еткен дауыс естілді. Бізді қуып шыққан соң, көлікке отырып, қайттық. «Делайте» деген сөзді мүлде айтқан жоқпын. Сол жердегі адамдарды мүлде танымаймын», – деген куә Самат Әбдіқадыр беттестіру кезінде.

Айта кетейік, бұған дейін Самат Әбдіқадыр өзінің сотталушы Дидар Қалиахметтің бөлесі екенін айтты.

«Дүкеннің алдында 7-8 жігіт болды. Бәрі жас, шамамен менен жасы кіші. Оларды танымаймын. Дүкенге сыра алуға кірдік. Ақшасын төлейтін кезде сыртта апыр-топыр болып кетті, Қаржаубай аға сатпаймыз деді. Біз де жай шығып кеттік. Екі қызды сол күні байқамаппын. Дүкеннен шықтық. Тұрған адамдардың түрін көріп үлгермедім. Көлікке отырдық, әрі қарай жүрдік. Тарс еткен дыбыс естілді. Дидар көліктен түсіп кетті. 3-4 минуттан кейін «Дидар» деп айғайладым. Содан ол келіп көлікке отырды. Біз үйге кеттік», – деді куә Әбдіқадыр сол кезде.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.  

Сондай-ақ оқыңыз