JD.com сауда алаңында қазақстандық 44 түрлі тауар сатылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
JD.com
JD.com сауда алаңында қандай Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың ірі онлайн JD.com сауда алаңында 2,4 млн юаньға қазақстандық тауарлар сатылған. Бұл көрсеткіш – Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны іске қосылғаннан бергі қорытынды. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, соның ішінде жалпы құны 1,18 млн юанді құрайтын тауар 2024 жылы сатылған.

QazTrade компаниясының мәліметінше, бүгінгі таңда павильонда 15 отандық өндірушінің 44 түрлі өнімі қойылған. Соның ішінде азық-түлік, бал, косметика секілді жоғары сұранысқа ие тауарлар бар. Электрондық саудамен қатар, қазақстандық брендтер Қытайдағы офлайн көрмелер мен B2B іс-шараларда да тұрақты түрде таныстырылып келеді.

TikTok арқылы 450 мың юаньның тауары сатылған

2024 жылы Қытайдағы халықаралық импорттық көрме аясында Douyin (TikTok баламасы) платформасында тікелей эфир арқылы қазақстандық өнімдер сатыла бастады. Jiangsu Soho Holding Group Co Ltd серіктестері қолдауымен ұйымдастырылған стриминг қорытындысы бойынша, 450 мың юаньдың өнімі сатылды. Бұл тәсілдің тиімділігін және қытайлық тұтынушылар тарапынан сұраныстың бар екенін көрсетті.

Цифрлық сауда — басты бағыт

QazTrade Бас директоры Айтмұхамед Алдажаровтың айтуынша, қазақстандық өнімдерді әлемдік онлайн платформаларда жүйелі түрде орналастыру – басты міндеттердің бірі.

«Біз JD.com, Alibaba.com, Europages, Noon және TikTok дүкені арқылы экспортты белсенді түрде ілгерілетіп отырмыз», – деді ол.

Электронды сауда өсімі қандай

2024 жылы әлемде онлайн-сатып алушылар саны 2,7 млрд адамға жеткен. Жаһандық e-commerce нарығы 6,3 трлн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,76%-ға жоғары. Қазақстанда былтыр электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңгеге жеткен, бұл бөлшек сауданың 14,5%-ына тең.

2029 жылға қарай жаһандық онлайн нарықтағы тұтынушылар саны 3,6 млрд адамға жетеді деген болжам бар. Қытай болса, e-commerce саласындағы көшбасшы ретіндегі орнын сақтайды. Осыған байланысты, Қытай бағытын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызды қадам болып қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыз