
Кім болсын өзінің мықты тұстарын жақсы біліп, соны дұрыс пайдаланғысы келеді. Бірақ жұрт көбіне сол мықты жағын дамытудың орнына, әлсіз тұсын танып алып, соны жақсартуға тырмысады. Ондайда басқалардың салып берген жолымен жүріп, өзгелердің стандартына сай болуға ұмтылып жатқанын байқамай қалуы мүмкін. Мұндайда не істемек керек? Дәл осы мәселенің шешімін Gallup тестінен табуға болады. Ол қалай жұмыс істейді? Әлемнің алпауыт компаниялары неге осы сауалнама нәтижесіне қарайтын болған? Топ-менеджерлер мен коучтар неге осы тестке құмар? Gallup тесті дамуға көмектесетін жеке картаға қалай айнала алады? Осы туралы айтайық.
Сен негізі еріншек емессің…
Былай елестетіп көрейік: сен жұмыс істейтін командада бәрі мінсіз ұйымдастырылып тұруы керек. Бәрі үтір-нүктесіне дейін жоспарланады. Бірақ сенде «жауапкершіліктен» гөрі «идеатор» деген талант басым. Яғни сен идея ойластыруға өте мықтысың. Бірақ соны жазып, реттеп жүретіндерден емессің. Сырт көзге сен еріншек болып көрінуің мүмкін. Содан менеджерің де «Саған қатаң бақылау болмаса, болмайды. Езіліп жүре бересің» дейді. Оған қарап өзің де «Менің қабілетім нашар, мықты маман емеспін» деп ойлайсың. Ал шын мәнінде сенің орнын басқа жерде. Саған идея ойластыратын жерде жүру керек. Сонда сен керемет ашыласың.
Міне, нағыз осындай жағдайларға арнап Gallup тесті (CliftonStrengths) ойлап табылған. Мұндағы мақсат — табиғатыңнан сенің не нәрсеге мықты екеніңді анықтау. Сол арқылы саған тапсыруға болатын шаруалар белгілі болады.
Бұл тест қайдан шыққан?
Gallup тестін Facebook-тегі «өзіңнің қандай жануар екеніңді анықта» деген сыңайлы сауалнамалармен шатастыруға болмайды. Бұл — ондаған жыл бойы миллиондаған адамдарға жасалып анықталған зерттеу. Оны Дональд Клифтон деген психолог ойлап тапқан. Оны Америкада «позитив психологияның атасы» деп атайды. Клифтон адамды ыңғайға қарай бейімдеп, «жөндеуге» болмайды деген пікірді ұстанған. Оның айтуынша, әркімде тумысынан ой және мінез-құлық паттерндері болады. Соларды ашқан кезде табысқа жетуге болады деген.
Сауалнама қалай жасалады?
Gallup тестінде 177 пікір һәм мәлімдеме болады. Мысалы «Мен бәрін жоспарлағанды жақсы көремін» vs «Мен шабытыма қарай әрекет етемін» дегендей екі нұсқа беріледі. Ойланып отыратын уақыт жоқ. Бар болғаны 20 секундта жауап беруің керек. Бұл жерде әлсіз болып қаламын деп қорқудың қажеті жоқ. Тек шынайы жауап берсең жетіп жатыр. Стратегия ойластырып, өтірік түр жасама.
Тесттен өткен соң:
- Ең мықты тұстарың жазылған TOP-5 талантты анықтауға болады;
- Болмаса, толық білгің келсе, барлық 34 тақырып бойынша таланттарды біле аласың.
Талант деген не және оны қалай түсінеміз
Gallup әдістемесінде талант деп машықты айтпайды. Ол — тумысыңнан берілген қабілет. Айталық:
- Learner — үнемі бірдеңе оқып, үйреніп жүруің керек. Жаңа нәрсе білмесең жүре алмайсың.
- Responsibility — уәде берсең, орындамай қоймайсың.
- Ideation — идея ойластыруға мықтысың.
Осы тақырыптар 4 кластерге біріктіріледі:
- Стратегиялық ойлау қабілеті
- Ықпал
- Қарым-қатынас
- Орындаушылық
Бұл тест өмірге деген көзқарасты қалай өзгерте алады?
Gallup дегенде мамандық не жұмыс таңдауға ғана керек деп ойласаң, қателесесің. Бұл жерде одан да терең дүние — өзіңді тану жатыр.
1. Ішкі тірек нығаяды
Басқалардан сенен не күтетіне қарап емес, өзіңнің қолыңнан нақты келетін дүниелерді жасайсың.
2. Командалық навигация жақсарады
Рөл бекіту оңай бола түседі. Мысалы кімге шаруаны бөліп берген жақсы, кім идеяны жақсы ойластырады, кімнен қолдау таба аласың дегендей.
3. Келіспеушілік азаяды
Таланттарда таныған кезде «кімдікі дұрыс?» дегеннен гөрі «мәселені қалай шешкен абзал?» деп қарастыра бастайсың.
4. Мансап жолыңды анықтайсың
Саған қандай рөл жақсы үйлесетінін түсінесің. Тұрақтылық керек пе, жауапкершілік керек пе? Әлде көңілің еркіндікті қалай ма?
Мысал түрінде көрсетсек
- Дана — кәсіпкер. Оның топ таланттары Activator мен Command. Ол процестерді тез іске қоса алады, адамдарды шабыттандыруды біледі, алға қадам басуға бейім. Оның стилі «қазір бастысы жасау керек. Сосын көре жатармыз».
- Бекнұр — UX-дизайнер. Ол —Empathy, Adaptability, Input. Яғни Бекнұр қолданушыларға не керегін жақсырақ түсінеді, деректермен жұмыс істегенді жаны сүйеді, жағдайға оңай бейімделеді.
- Лаура — проджект-менеджер. Онда Discipline, Responsibility, Focus мықты. Демек ол бәрін жүйелі жасайды. Үйін де, жұмысын да стратегиямен құрады. Бақылауда ұстағанды жақсы көреді.
Осылай кімнің қай қабілеті мықты екенін білгенде жұмыс жақсырақ жүреді. Әрі адамның күйзеліс, сын, хаосқа неге әлдебір реакция білдіретіні да осы тесттен кейін айқын көріне бастайды. Яғни команда бір-бірін осы арқылы терең тани түседі.
Бағасы қанша?
- Top 5— $24.99
- Толық профайл — $59.99
Gallup-тың ресми сайтынан өткен дұрыс: gallup.com/cliftonstrengths.
Ақысын төлеген бойда сауалнама ашылады, нәтижесі профайлда сақталады.
Google, NASA және McKinsey сияқты компаниялар неге Gallup тестінің нәтижесін сұрайды?
Бұл сауалнаманы:
- HR бөлімі мықты команда құру үшін пайдаланады;
- Стартаперлер кімге қандай рөл беру керегін, кімге қай істі тапсырудың қажеті жоғын біледі;
- Коучтар мен менторлар даму бағдарламасына пайдаланады;
- Топ-менеджерлер өз мықты тұстарын пайдалана отырып қалай дұрыс басқару керегін түсінеді.
Gallup тесті арқылы әркім өзінің ересек ретінде нені жемісті істей алатынын түсінеді. Яғни өзіңді өзгертудің керегі жоқ. Мықты тұсыңды одан сайын нығайта бер дейді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін талантыңызды тануға көмектесетін басқа да тесттер туралы жазған едік.