NCOC менеджерін өлтірді деген күдікті ұсталды

Атырауда NCOC менеджерінің қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты күдіктіні қамауға санкция берілді. Бұл туралы Atyrau Online жазады.
Басылымның дерегінше, қылмысқа 37 жастағы сантехник күдікті ретінде танылып отыр. Ол қайтыс болған 46 жастағы Бибігүл Шпанова тұрған үйге техникалық қызмет көрсетумен айналысқан.
Қылмыс 29 сәуір күні Атыраудағы «Француз кварталы» тұрғын үй кешенінде болған. Әйелдің өз пәтерінде жатқан денесінен пышақ жарақаттары табылған, ал сейф ашық қалды.
Қаза тапқан Бибігүл Шпанова Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC компаниясында игеру жоспарлау бөлімі бастығы болып жұмыс істеген.
NCOC компаниясы Шпанованың 2002 жылдан бері осы компанияда жұмыс істегенін және өз ісінің кәсіби маманы болғанын хабарлады. Компания марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, істі тергеуге қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.