Соғыс киімін сән үлгісіне айналдырған дизайнер дауға қалды

Алматыда өткен Visa Fashion Week сән көрсетілімі дауға қалды. Дизайнер Лилия Мамиева Жеңіс күнінен шабыт алған киім үлгілерін көрсетті. Бірақ көпшілік оны «соғысты насихаттады» деп айыптады.
Қазақстандық дизайнер Лилия Мамиева Kirpi брендінің атынан сән үлгісін таныстырды. Өзінің айтуынша, жаңа топтаманы жасағанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі киімдерден шабыт алған. Подиумда қыздар хаки түсті сарафандармен, ал ер адамдар қырқыншы жылдардағы кеңес әскері формасына ұқсас киімдермен жүріп өтті.


Дизайнердің айтуынша, бұл топтама соғыста болған атасына арналған.
«Биыл ол кісіге 100 жыл толар еді. 1925 жылы туған. Бұл мен үшін өте маңызды. Бұл – ең алдымен сезім мен эмоция туралы. Ол батыр еді. Соғыстан да, соғыстан кейінгі ауыр кезеңнен де өтті. Мен оның өмірінің бір бөлігін көрсетуге тырыстым, бәлкім, менің қиялымдағы кейіппен», – деді Мамиева.
Дизайнер топтама тек қасірет пен драманы ғана емес, сонымен қатар рухтың беріктігін, ерлікті және кез келген жағдайға бейімделе білу қасиетін де көрсеткенін айтты. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары бұл сән үлгісіне риза бола қоймады.
«Бұл – милитаризмді насихаттау. Гламурдың артында соғыстың ызғарлы лебі бар. Масқара, сұмдық», – деп жазған әлеуметтік желілерде
Осы тақырыпқа қатысты Kursiv Media пікірін білу үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жіберді.