Дивиденд туралы ақпарат «Қазақтелеком» акцияларын қымбаттатып жіберді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Қазақтелеком» қанша дививденд төлейді / Фото:shutterstock.com

«Қазақтелеком» компаниясының акциялары кейінгі күндері қатты қымбаттап барады. Қазір қор биржасында оператордың бағалы қағаздары 61 800 теңгеден сатылып жатыр. 5 мамырда бірден 15 пайыз өсім көрсеткен.

Құнды қағаздардың күрт қымбаттауына «Қазақтелекомның» былтырғы 74,2 теңге таза табысын түгел дивиденд ретінде төлеуі мүмкін деген жаңалық әсер етуі ықтимал. Бір жай акцияға 6 741,14 теңгенден келеді.

Қазақстанның жеке инвесторлар қауымдастығының (QAMS) инвесторларға арналған ақпаратында алдыңғы жылдардағы бөлінбеген табыстан да дивиденд төленуі мүмкін екені жазылған. Оның көлемі 219 млрд теңгеден аспақ. Бөлінбеген пайда да дивидендке жұмсалса, жай акцияға 19 923,74. теңгеден келеді. Нәтижесінде бір жай акцияға шаққанда 26,7 мың теңге дивиденд бөлінуі мүмкін.

Freedom Broker сарапшыларының пікірінше, «Қазақтелеком» акцияларының қымбаттауы – уақытша құбылыс.

Олар компания акционерлері бұрын да дивиденд төлеуді кейінге қалдырып не мүлде бас тартқан жағдайлар болғанын еске салады.

«Altel мен Tele2 сатылымынан түскен табыстың 100%-ы дивиденд ретінде төленбейді, бір бөлігі компанияны дамытуға жұмсалады Осыдан кейін, әсіресе екі табысты оператордан айырылған соң кірістің азаятынын ескерсек, «Қазақтелеком» акцияларының бағасы едәуір төмендеуі мүмкін», – дейді сарапшылар.

Алайда нақты шешім акционерлердің 15 мамырдағы жалпы жиналысында қабылданбақ. Компанияның 80,8 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі. 9,19 пайызы TELECOM SYSTEMS LTD жеке компаниясы иеленеді. Қалған акциялары еркін айналымда жүр.

Қазақтелеком былтыр Altel/Tele2 брендімен жұмыс істейтін еншілес ұйымы – «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын Қатардың Power International Holding (PIH) холдингіне 1,1 млрд долларға сатты.

Сондай-ақ оқыңыз