Шерзат ісі: сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр/фото:kursiv.media

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот залында сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

Жәбірленушінің адвокаты «соққы алғаннан кейін жедел жәрдем шақыруға толық мүмкіндігіңіз болды ма?» деп сұрады.

Әскентай «досым көлікпен жүргендіктен, бірінші соған хабарластым. Мені алып кетсін деген мақсатта хабарластым. Бірінші жедел жәрдемге емес, досым Нұрболға хабарласқаным үшін қамауда отырмын», деді.

Бұған дейін Әскентай өзіне тергеу барысында қысым көрсетілгенін айтты. Мемлекеттік айыптаушы нақты кімнің қысым көрсеткенін сұрады. Сотталушы нақты адамды атамады, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу барысында нақты қандай құжаттарға қол қойғанын білмегенін жеткізді.

Содан кейін мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев сотқа дейінгі тергеу барысында түсірілген видеоны сот барысында көрсетуді сұрады. Видеода Әскентай жауап беруге мүмкіндігі бар екенін айтқан.

«…Менің әкеме әңгіме айтқың кеп тұр ма? деді. Мен «әкеңе ештеңе деген жоқпын, телефонымды қуаттауға бердім» дедім. Сол кезде марқұм жігіт мені ұрды. Жігіттің аты кім екенін білмеймін. Оң көзімнен ұрды. Жұдырықпен ұрды. Сол қолымен ұрды ғой деймін. Бір рет ұрды. Мен басым айналып, артқа шегіндім. Сол кезде әкесі шықты. Әкесі шығып баласына «не үшін ұрдың? не жағдай? деп сұрады. Баласы үндемей тұрды. Сол кезде үшінші жігіт шықты. Сол кезде қуатта тұрған телефонымды сұрадым», – деген Дархан Әскентай тергеу барысында.

Айта кетейік, 2025 жылдың 6 мамырында түске дейін берген жауабында Әскентай өзін марқұм Шерзат Полаттың кастетпен ұрғанын айтқан.

Айтуынша, ұялы телефонын алған соң досы Нұрбол Тоқтаубаевқа хабарласқан, өзін алып кетуін сұраған.

«Дүкен жақта біреу ұрып кетті деп айттым. Дүкеннің мекенжайын айттым. Ол қазір келетінін, маған да дүкен жаққа бара бер деді. Нұрбол он минут болмай келді. Нұрболдың көлігінің рөлінде басқа жігіт болды. Ол жігітті танымаймын. Нұрбол дүкеннің алдына келді де, менің түрімді көрді. Марқұм жігіт те дүкеннің алдында тұрды. Сатушы, сатушының інісі, сатушының ұлы да сол жерде болды. Бетімнен қан ағып тұрған», – деген Әскентай.

Айта кетейік, бұған дейін Әскентай сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабына келіспейтінін, өзіне қысым көрсетілгенін айтты.

«Ол кездегі жауаптармен толық келіспеймін. 24 сағат қамалған жеті жігітке қысым келтірілді. Өзім жарақат алғаннан кейін дұрыс жауап бере алмадым. Ойымды жинақтай алмадым, бүгін болған оқиғаны айтып беремін. Сол күні қорғаушымыз болды. Кешке дейін телефонға түсірді, кабинеттен кабинетке тасыды. Ұрып-соғып, боқтық сөздер айтқаннан кейін… Оқиға болған жерге апаратын кезде ғана далаға шығарды», – деді Әскентай.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды

Сондай-ақ оқыңыз