Арабтар Жамбыл облысында 1,4 млрд долларға жел электр станциясын салады

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жамбыл облысында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асырады. Арабтар жел электр станциясына 1,4 млрд доллар инвестиция салады.
Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу мәселесі парламентте талқыланды. Жоба туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баяндама жасады. Оның айтуынша, жоба халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп іске асырылады және өңірдегі ең ірі жобалардың бірі айналады.
Электр станциясы жылына 3,4 млрд киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл ауаға таралатын көмірқышқыл газын 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.
Жоба аясында 1,4 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезеңінде 1 мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылып, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияға ие болып, біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болады.
Вице-министрдің айтуынша, инвесторлармен жасалған келісімде қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану көзделген, бұл жергілікті бизнесті дамытуға серпін береді.
«Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сәйкес келеді және Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады», – деді Есімханов.
Жоба аясында ұзындығы 425 шақырым болатын жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл республиканың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады.