
Біз кейде өзімізге аса керек болмаса да, қаптатып зат ала беруге құмар болып кетеміз. Онсыз да өмір сүре беруге болады десек те, ақшамызды құртатын қандай жасырын механизмдер бар? Бүгінгі материалымызда осының себептеріне тоқталамыз. Оның ішінде жарнама мен әлеуметтік желінің ықпалынан бастап, көзге көрінбейтін триггерлерді де талдаймыз. Импульспен алып тастайтын кездерге тоқталып, дұрыс қаржылық әдет қалыптастыруға да үйрететін кеңестер айтамыз.
Біз зат емес, эмоция сатып аламыз
Ойланып көріңізші, бұл сөздің жаны бар, солай емес пе? Мысалы үйде жейтін тамақ бар. Бірақ сонда да кафеге барып ішкіміз келеді. Ондағысы біз сол жердегі атмосфераны сатып алатынымызға байланысты. Киім алсақ та, «тоңбасам болды» деген оймен емес, өзімізге тиесілі екенін көрсетіп, ерекшеленгіміз келетіннен. Сол сияқты кейінгі шыққан телефон моделін алғанда да технологиямен бір толқында екенімізді көрсетіп, заманауи екенімізді білдіргіміз келгеннен болып жатады.
Қызық дерек: Harvard Business Review зерттеулеріне сүйенсек, зат сатып алғанда адамдардың 95 пайыздайы бейсаналы түрде алады екен. Яғни эмоция мен импульс әсерінен алынады деседі.
Дофамин әсері: адам дереу рахат алғысы келіп тұрады
Қалауымызға еріп, әр зат сатып алғанда дофамин яки бақыт гормонының шағын ғана бөлігі бөлініп тұрады. Тіпті ұнатқан затты көріп, оны сатып аламын деген оймен себетке сала бастағаннан дофамин бөліне бастайды. Сол сияқты «Жеңілдік» деген сөз көрсек те, қуанып кетеміз. Оған себеп: біздің дәл қазір, дереу рахат алғанымыз келетінінен.
Бірақ бұл ретте мына нәрсені ескеру керек: дофамин реакциясы ұзаққа созылмайды. Әрі кетсе 20-30 минут шаттанып жүрерсіз, одан кейін әлгі рахат сезім сөне бастайды. Түбегейлі өшіп қалғанда қайтадан солай істеп, көтергіңіз келіп тұрады. Демек, гормонды мұндай жолмен бөлгізгеннің пайдасы көп емес.
FOMO синдромы және маркетиң бізді қалай құрыққа түсіреді?
FOMO (Fear of Missing Out) синдромы кезінде адам әлдебір маңызды дүниеден тыс қалып қаламын деп қорқады. Сол үрейдің кесірінен жанын қоярға жер таппайды. Міне, осы үрейді маркетологтар өте жақсы пайдаланады. Атап айтқанда, көзімізге мына сөздерді бадырайтып көрсетіп қояды:
- «Біреуі ғана қалды!»
- «Жеңілдік бүгін аяқталады!»
- «Үлгеріп қалыңыз, әйтпесе өкініп қаласыз».
Salesforce жасаған зерттеу нәтижесіне қарасақ, осындай шектеулі ұсыныстар жасаған кезде сатып алады деген ықтимал 29 пайызға арта түседі екен.
Әлеуметтік желінің әсері
Instagram мен TikTok лентасының шеті-қиыры жоқ. Адамның қалауы соны қарап отырып көбейе береді. Біреуден бірдеңе көре қалсақ болды, соны алуға ұмтыламыз. Ойша салыстырып кететініміз тағы бар. Мұның бәрі бейсаналы түрде жүріп жатқанын өзіміз сезбеуіміз де мүмкін.
Қазір трендке айналдған unboxing, haul-видео не инфлюенсерлер жасаған жарнама беті ғана жылтыраған жалған өмірді аңсатып қана қоймай, ойда болмаған шығындарға да әкеп соғады.
Қаңырап тұрған ішкі кеңістікті осылай қолдан толтыруға тырысамыз
Шынында, көбіне біздің зат алғанымыз нақ бір қажеттен емес, ішкі тапшылықтан туып жатады. Біреуге махаббат жетіспейді, біреу қуанышқа зәру болады. Сол дүниелер орындалмай жатса, бірдеңе сатып алып өзімізді қуантқымыз келеді.
Бойда мазасыздық барын сездік → бірдеңе сатып алдық → көңіл-күй уақытша көтерілді → қайтадан мазасыздық басты → тағы зат алдық. Осылай шексіз кете береді.
Мұны compensatory consumption немесе өз-өзін жұбату үшін жасалатын әрекет деп атайды. Бұл көбіне проблеманы шешпейді. Бар болғаны сыртын әрлегендей, жасырып қояды.
Бір күн екінші күнге ұқсас болғаннан шаршаймыз
Адам миы жаңа нәрсені жақсы көреді. Егер бір күніміз екіншісіне қатты ұқсап кетсе, жалыға бастамаймыз. Сондықтан соны реттеймін деп жаңа зат алуға құмартамыз. Бірақ шынында мәселе одан тереңірек екеніне мән бермейміз. Яғни басқа жұмысқа кіріп не мекен ауыстырғанның орнына уақытша көңіл-күй сыйлайтын «шопиң» жасағанды жөн көреміз.
Тұтыну мәдени нормаға айналып кеткен
Бізге бала кезден былай дейді:
- «Шаршасаң, бірдеңе сатып ал. Оған әбден лайықсың!».
- «Жаңа жылда жаңа зат ал».
- «Сыйлық = махаббат».
Маркетиң түпсанамызға қатты әсер етеді
Нейромаркетиң сенсорлық триггерлерді мықты қолданады. Ол дегеніміз:
- Дүкенде жаңа піскен бәліштің исі мұрынды жарып тұрады;
- Жарықтың түсінің де ықпалы бар
- Қаптамалардың қытырлаған дыбыстары да бізге әсер етпей қоймайды
— осының бәрі зат алуға шақырып, сол жолда болатын бүкіл кедергіні жойып жіберу үшін жасалады.
Зерттеулерге қарасақ, киім сататын дүкендерде ваниль исі шығып тұрса, сатып алу ықтималы 20 пайыздай артады екен.
«Еңбегім сіңді» эффектісі қалай әсер етеді?
Біз қатты шаршап, ашуланып не жолымыз болмай қалған кезде іште мынадай монолог жүреді: «Өзімді қуантуға құқығым бар. Еңбегім сіңді» дейміз. Ал көбіне бұл марапат жай ғана қақпан болып шығады. Яғни айлықты жұмсап тастайсыз, кредитке алып тастайсыз. Зардабын тартатын — өзіңіз.
Олай болса, керек емес затты алмауды қалай үйренеміз?
Саналы түрде тұтынуға көмектесетін 10 стратегияны назарға алыңыз:
- Қаржы күнделігі: бүкіл шығынды жазып жүріңіз.
- 48 сағат ережесін ұстаныңыз: зат алайын деп ойласаңыз, қоя тұрыңыз. 2 күн өткен соң да әлі қалап тұрсаңыз, онда ала беруге болады деген сөз.
- Тілектер тізімін жасаңыз: арман-тілектеріңізді тізіп шығыңыз. Бірақ бірден орындамаңыз. Кейінге ысырып қойыңыз.
- Телефоныңыздан банк картасының деректерін өшіріп тастаңыз — сақтаулы тұрса, ала бересіз. Ал деректерді жазу керек болса, көбіміз ерініп қаламыз.
- Әлеуметтік желінің ықпалын азайтыңыз. Соның ішінде жарнамаға желіге бермеңіз.
- Зат ала беретін әдетті басқаға алмастырыңыз. Серуендеңіз, досыңызбен сөйлесіңіз.
- Өзіңізге «Мен мұнымен не нәрсенің орнын басқым келіп тұр?» деп сұрақ қойыңыз.
- Бағасын көргенде жұмыста әр сағатқа төленетін ақымен салыстырып үйреніңіз. 3 сағаттық жұмысыңызға тұра ма, тұрмай ма?
- Минимализм ұстаныңыз: бұл жерде бәрінен бас тартып баз кешіп кетпейсіз. Бар болғаны саналы әрекет етіп үйренесіз.
- Заттай инвестициядан гөрі тәжірибе сыйлайтыны қымбатырақ.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін дофаминді қалай дұрыс көтеруге болатыны туралы жазған едік.