Алтын бағасы 3400 доллардан асты

Алтынның бір унциясының биржадағасы бағасы 3400 доллардан асты. Инвесторлар әдетте нарықтағы дүрбелеңнен, сонымен бірге геосаяси ахуалдың ушығуынан сақтану үшін алтынға жүгінеді.
Оның үстіне АҚШ президенті Дональд Трамп жақын уақытта Қытаймен сауда келісімі жасалмайды деп мәлімдеген. Сол себепті қаржы нарығында құнды металл бағасы тағы көтеріліп жатыр.
Чикаго тауар биржасында (CME) алтынның маусымдағы фьючерстері 2,35%-ға қымбаттап, бір унция 3400 доллардан асып түсті. Биржада дәл осындай баға бұған дейін 2025 жылғы 22 сәуірде тіркелген. Одан кейін баға сәл түскен.
Трамптың тарифке қатысты жоспарлары инвесторларды тағы да алтынға назар аударуға мәжбүрледі деп жазды Reuters.
Алтынның қымбаттауының тағы бір себебі – қытай инвесторларының мерекеден кейін нарыққа қайта оралуы. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Бұған дейін алтынның 3 мың долларды еңсеруінің өзі айтарлықтай жаңалық болған. Сарапшылар баға әлі де көтерілуі мүмкін екенін айтып отыр.
Алтын қымбат. Бағалы құйманы қайдан алып, қалай сақтау керектігін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.