Тоқаев пен Лам вьетнам өнерпаздары концертін тамашалады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстандағы Вьетнам мәдениеті күндері аясында ұйымдастырылған концертті тамашалады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
«Астана Опера» театрына мәртебелі қонақтар мен елорда жұртшылығы жиналды. Мұнда Ханой филармония оркестрі, «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, сонымен бірге қазақ және вьетнам халықтарының белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

6 мамырда Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Вьетнам өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.