«Бәйтерек» қорынан бөлінетін 8 трлн теңге қандай жобаларға жұмсалады

Осы жылы елдегі кәсіпкерлікті қолдау, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі 8 трлн теңге бөледі. Қаржы бөлінген жобалар жүзеге асса, еліміздің ЖІӨ-сі қосымша 1,3%-ға өседі деп сендіреді Ұлттық экономика министрлігі.
Осыған дейін Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаған.
«Бұл холдингке кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бөлуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді мұны ұлттық экономика министрлігі.
Капиталды ұлғайту – компанияның нарықтық құнын арттыру, оның акцияларының бағасын көтеру немесе қосымша инвестициялар тарту. Осы арқылы компанияның жалпы құнын, активтерін көбейтеді.
8 трлн теңгені игеру кімдерге жүктелген?
Холдинг төрағасының орынбасары Жандос Шайхының сөзінше, осы жылы бірінші тоқсанда 1,2 трлн теңге игерілген. Негізі жоспар бойынша, 1 трлн теңге еді.
Биыл 2,2 трлн теңгеге 66 жоба жүзеге асырылады. Инвестиция салынған негізгі салалар:
- көлік, логистика және байланыс (34%)
- металлургия (19%)
- химия өнеркәсібі (12%)
Жобаларды қаржыландыруда ең үлкен үлес қосатын Қазақстан Даму Банкі. Қаржы ұйымы бөлген ақша Жамбыл облысындағы натрий цианидін өндіру зауыты, Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауыты, Қостанай облысындағы ыстық брикеттелген темір өндіру жөніндегі ірі қазақстандық кәсіпорындарға жұмсалады.
Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ) арқылы 1,5 трлн теңгеге 181 инвестициялық жоба жасалады. Негізгі салалар:
- инфрақұрылымды дамыту (27%)
- металлургия (21%)
- химия өнеркәсібі (13%)
Осы жылы ӨДҚ-ның басты инвестициялық жобаларының қатарына «Глобал Транс компания» ЖШС шекаралық темір жол өткелін салу, «ЕЭК» АҚ энергоблогын қайта жаңарту, «Qarmet» АҚ өндірісін жаңғырту, «Rail Way Steel» ЖШС электрометаллургиялық зауытын салу кіреді.
Qazaqstan Investment Corporation арқылы 2,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Биыл оның 500 млрд теңгесіне 10 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Қарағанды облысында металлургиялық кластерді дамыту, «АралСода» ЖШС-нің кальциленген содасын және «Batys Bitum» ЖШС-ның битумын, «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС-нің бу-газ электр стансасын өндіру зауытын салу бар.
«Бәйтерек» инвестиция салатын тағы бір ұйым – «Даму» қоры. Биыл қор шағын және орта бизнеске жеңілдікпен несие беру көлемін 750 млрд теңгеге дейін көбейтпекші. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3 еседей артық. 2025 жылғы 1 тоқсанда 755 кәсіпкерге 53 млрд теңге берілді.
Бөлінген қаржының қайтарымы бар ма?
Холдинг басшылығының түсіндіруінше, жобалардың барлығына қаржы бөлінген соң, ел экономикасына 37,8 трлн теңге салым құйылады. Елде өндірістік қуаттар артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бірақ сарапшылар холдингтің бұл бағдарламасының дәл керек уақытта орындалып жатқанына күмәнмен қарайды. Экономист Алмас Чукин үкімет пен Ұлттық банктің саясаты бір-біріне кері бағытта жұмыс істеп жатыр деген пікірін айтқан.
Елде инфляция үдеп жатқан уақытта Ұлттық банк оны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтерді. Дәл осы кезде үкіметтің экономикаға одан әрі ақша құюы «науқасқа допинг берумен тең» дейді ол.
«Бұл – парадокс және оксюморон. Бір экономикаға бір уақытта екі түрлі дәрі берілуде – біреуі тыныштандырғыш, екіншісі – ынталандырушы. Соның нәтижесінде, екеуінен де нәтиже шықпай жатыр. Өсу де әсерлі емес, әрі тиімсіз, ал несиелер қымбат, бұл бүкіл нарықты тежейді», – деп түйіндеді Чукин.