WhatsApp-тағы хабарлама: «1945» кодын терсе, банктік деректер ұрлана ма

WhatsApp мессенджерінде Жеңіс күніне арналған алаяқтықтың жаңа түрі туралы ақпарат тарап жатыр. Онда пайдаланушыларға «онлайн-ұранға» қосылу ұсынылатын хабарлама келіп түсетіні айтылады. Қатысу үшін «1945» кодын теріп, аудионы тыңдау қажет екен. Ал хабарлама авторлары бұл код арқылы алаяқтар сіздің банк жүйеңізге қол жеткізе алады деп мәлімдейді.
Алайда, Stopfake.kz мұның шындыққа жанаспайтынын жалған ақпарат екенін айтады. Мұндай хабар, әсіресе, егде адамдарды қорқытуы мүмкін.
«1945 коды – қауіпті емес, ешкім сіздің деректеріңізді ұрламайды», – дейді дереккөз.
«1945 коды» деген не?
Бұл – «Жеңіске ура!» атты ресми акция. Акция 2025 жылғы 25 ақпан – 15 мамыр аралығында Ресейде өтеді. Оған қатысу үшін 1945 қысқа нөміріне тегін қоңырау шалып, дауыстық мәзір арқылы қажетті бөлімді таңдау керек.
Егер 1945 кодын терсеңіз не болады?
Кодты теріп Левитанның дауысымен 1945 жылғы тарихи жаңалықтарды тыңдай аласыз. Сондай-ақ, «Катюша», «Темная ночь» секілді соғыс әндерін қоңырау әуені ретінде қоюға болады. Мерекелік логотипті тегін жүктей аласыз.
«Лапша Медиа» фактчекерлік жобасы бұл хабарламаны тексеріп көрді. Шоттан ақша алынбайды және дербес деректер алаяқтарға берілмейді. Демек, таратылған хабарлама фейк.
Жуырда әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты мәлімдеме жасап, оған біреулер қоқан-лоқы көрсеткені жайлы айтылған видео тараған болатын. Алайда облыс әкімдігі бұл бейнежазбаның жалған екенін мәлім етті.