Биыл 109 соғыс ардагеріне 545 млн теңге біржолғы материалдық көмек берілген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ардагерлерге Жеңіс күінен орай 5 млн теңгеден беріледі
Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден төленген /Фото: gov.kz

Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша, ардагерлерге жалпы алғанда 545 млн теңге бөлінген.

«Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне бүкіл ел бойынша жергілікті атқарушы органдар ҰОС ардагерлеріне бірыңғай мөлшерде – 5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетті», – деді Олжас Анафин.

Министрлік өкілінің мәліметінше, соғыс ардагерлерінен бөлек соғыс зардабын шеккен халық санаттарына да қаржылай көмек көрсетілген. Әр санат бойынша мынадай қаражат төленген:

  • қоршауда қалған Ленинград қаласында тұрған азаматтарға – 60-тан 200 мың теңгеге дейін (64 адам);
  • концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 98-ден 200 мың теңгеге дейін (129 адам);
  • мүгедектігі бар қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің жұбайларына – 50-ден 150 мың теңгеге дейін (1638 адам);
  • ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлеріне – 50 мың теңге (2 адам);
  • тыл еңбеккерлеріне – 50-ден 200 мың теңгеге дейін (38 874 адам).

Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен соғыс ардагерлері мен тыл ардегерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіледі. Коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді жөндеуге, отын сатып алуға, қоғамдық көлікте жол жүруге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, тіс протездеуге, азық-түлікпен қамтуға әкімдіктерден арнайы қаражат бөлінген.

«Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады», – деді Анафин.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша соғыс ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 271 802 теңгені құрайды. Ал ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен азаматтардың алатын орташа жиынтық мөлшері 179 800 теңге көлемінде.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласының әкімдігі соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден берілетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз