АҚШ пен Ұлыбритания баж салығы бойынша келісімге келді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық деректен

Дональд Трамп АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы сауда келісіміне қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ол туралы президент Truth Social атты әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Біз Ұлыбританиямен – мықты одақтасымызбен тарихи сауда келісіміне қол жеткіздік», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, бұл – АҚШ көптеген сауда серіктестеріне қосымша баж салығын енгізгелі бері жасалған алғашқы келісім. Дегенмен жаңа шарт Ұлыбритания тауарларына салынатын барлық баж салығынан толық бас тартады дегенді білдірмейді.

«Бұл келісім аясында АҚШ 10% баж салығы есебінен 6 млрд доллар табыс табады. Сонымен қатар, біздің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өзге де өнім өндірушілеріміз үшін жаңа сауда мүмкіндіктері ашылады. Бұл бізге қосымша 5 млрд доллар пайда әкеледі», – деді Трамп.

АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің айтуынша, келісім аясында АҚШ тарапы британдық автокөліктерге салынатын баж салығын жұмсартуға келіскен.

«Президент Ұлыбританияға жыл сайын АҚШ-қа 100 мың көлік экспорттауға мүмкіндік берді. Олар үшін 10% баж салығы қолданылады. Бұл – британ автокөлік өндірушілерін қорғау үшін жасалды. Әйтпесе, бұл көрсеткіш 25% болар еді», – деді ол.

АҚШ Rolls Royce компаниясынан ұшақ қозғалтқыштары мен қосалқы бөлшектерді кедендік бажсыз сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Ұлыбритания Boeing ұшақтарын 10 млрд долларға сатып алуға келісті.

Наурызда Дональд Трамп серіктес елдерінен келетін тауарларға баж салығын көтеріп жібергеннен кейін сауда дағдарысқа ұшырады. Кейбір елдер АҚШ-пен келіссөздер жасауға ұмтылып жатыр.

Сауда және интеграция министрлігі осыған қатысты Қазақстанның да АҚШ-пен келіссөздер жүргізуді бастағанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз