«Ауыл аманаты» бағдарламасы жаңарып, 2,5%-бен шағын несие беріледі

Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасын қайта жаңартып жатыр. Шағын несие мен лизинг 2,5%-бен беріледі деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
2025 жылы жаңа модельді жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. 5 мыңнан астам микрокредит беру жоспарланып отыр.
Қазір министрлік скрининг арқылы елдімекендер үшін ережелерді жаңартып жатыр. Өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микронесие беру тізбесі де кеңейеді. Мәселен, Абай мен ШҚО әкімдігінің ұсынысы бойынша тізімге шағын бизнестің перспективалық саласы ретінде туризм енгізілді.
«Тұжырымдама шеңберінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыта отырып, келешегі зор ауылдардағы жобаларды іске асыруға баса назар аударылады. Даму әлеуеті жоғары елді мекендердің тізбесі 2019 жылы анықталып, әкімдіктердің ұсынысымен 2023 жылы өзектендірілді», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
«Ауыл аманат» бағдарламасының жаңартылатыны жайлы министрлік былтыр жыл соңында хабарлаған еді. Жоба аясында шаруалар өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту деген бағыттар үшін несие алады. Мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін ұзартылды.