Ұлттық экономика министрлігі: ЖІӨ 6%-ға өсті

Жыл басынан бері Қазақстан ЖІӨ-і (жалпы ішкі өнімі) 6%-ға жетті. Ұлттық экономика министрлігі қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік–экономикалық дамуды осылай қорытындылады.
Экономиканың негізгі салаларында айтарлықтай өсім байқалған:
- көлік – 22,4%
- сауда – 7%
- ауыл шаруашылығы – 3,9%
- байланыс – 2,6%
Көлік және құрылыс
Көлік саласының ішінде темір жол және құбыр көлігімен жүк тасымалдау тәрізді сегменттерінде көлем өскен. Ең жоғары динамина Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.
Ал құрылыс саласында жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ға жетті.
Сауда
Сауда саласы 7%-ға өскен. Оның ішінде көтерме сауда 7,4%-ға, бөлшек сауда 6,1%-ға дейін артты.
«Түркістан облысы жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті», – деп түсіндіреді министрлік мамандары.
Бұл жалпы қаңтар – сәуір арасындағы уақытқа қатысты мәлімет. Бұған дейін министрлік қаңтар-наурыз аралығында елдің ЖІӨ-і 5,8%-ға өсті деген дерек жариялаған еді.
Халықаралық сарапшылар не дейді?
Осы уақытқа дейін халықаралық ұйымдар елдің экономикалық дамуы жайлы болжамдарын жариялаған еді. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының осы жылдың соңына қарай кейін елдің ЖІӨ өсімі біртіндеп баяулайды деген тұжырым жасаған. Азия Даму банкі биыл ел экономикасының қарқыны 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендейді деп есептейді. Ал келесі жылы Қазақстан ЖІӨ көлемі тіпті 4,1%-ға дейін құлдырайды деп отыр.