Жаңа бизнес ашамын дегендерге 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі

2025 жылдың 21 мамырынан бастап жаңа бизнес ашамын дегендерге грант беріледі. Ол үшін Business.enbek.kz сайтына кіріп, өтінім толтыру керек.
Гранттар қайтарымсыз, жаңа бизнес ашып, оны дамытамын деген кәсіпкерлерге арналған. Жеңімпаздарға 400 АЕК немесе 1,5 млн теңге көлемінде қаражат береді. Шамамен 4500 адамға грант беру жоспарланған. Әр адам грантты тек бір-ақ рет ала алады.
Өтінім толтыру үшін:
- порталға тіркелу
- грант шарттарына сай тексеруден өту
- бизнес-жоспар толтырып жүктеу (үлгісі бар)
- өтінім формасын толтырып, ЭКҚ қол қою
Грант кімдерге беріледі?
Өтініш бергендер жұмыссыз ретінде рәсімделген болуы қажет немесе кейінгі үш жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы тиіс. Сондай-ақ үміткердің «Бизнес Бастау» жобасынан кәсіпкерлікке қатысты оқудан өтті деген сертификаты болғанына қарайды.
«Процестің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту және өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант беру толығымен электрондық форматқа ауыстырылды. Грантқа өтініштер Business.enbek.kz порталы арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Грант қаражатын қажетті құрал-жабдық, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар сатып алу, мал, құс, жануарлар, көшет, бұта, тұқым алу немесе ғимарат жалдау ақысын төлеу үшін алуға болады», – деп жазылған хабарламада.
Грант беру қалай жүзеге асырылады?
Үміткерлер комиссия алдында бизнес-жобасын қорғайды. Әрбір комиссия мүшесі бизнес-жоспармен танысып, оны бағалайды. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Оң шешім шықса, үміткер банк реквизитін көрсетеді. Соған қаражат аударылады. Келісімге қол қойылып, тоқсан сайын қаражаттың жұмсалғаны жайлы есеп береді.
Осыған дейін біз шетелде оқимын деген үміткерлер үшін грант тізімін жариялаған едік. Толығырақ мына жерден оқуға болады.