Дәрігерлер Сара Назарбаеваның хәлі туралы мәлімет беруден бас тартты

Дәрігерлер Сара Назарбаеваның хәлі туралы мәлімет беруден бас тартты. Бұған себеп – медициналық құпия. Ақпарат беру үшін өз келісімі керек.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, Сара Назарбаева қазір Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. 5 мамырда Сара Назарбаеваның жағдайы ауыр екені туралы хабар тарады.
«Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сәйкес және білікті мамандардың бақылауымен жүргізілуде», – делінген 9 мамыр кешкісін Ұлттық госпиталь таратқан хабарламада.
Дәрігерлер Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты ақпарат бермеуінің өз себебі бар. Медициналық мекеме әкімшілігі қазіргі заңнамаға сәйкес науқастың диагнозы, денсаулығының жай-күйі, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы мәліметтер медициналық құпияға жататынын атап өтті.
Сонымен қатар, мұндай деректерге қол жеткізу тек пациенттің өз келісімімен немесе заңда көзделген өзге де негіздер бойынша ғана мүмкін.
«Сондай-ақ, медициналық этика мен кәсіби жауапкершілік қағидаларына сәйкес, медициналық ұйымдар жеке медициналық деректермен жұмыс істегенде құпиялылық режимін қатаң сақтау міндетті. Ақпаратты жарияламау туралы шешім пациенттің заңды құқықтарын — жеке өмірге қол сұқпаушылықты, құрмет пен емдеу барысына сыртқы араласудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қабылданған», – дейді аурухана өкілдері.
Мұның алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жұбайы Сара Назарбаеваның денсаулығы сыр бергені туралы жазған едік.