Мультимиллионерлерге тиесілі компания электр энергиясы тарифін 47%-ға көтереді

«Солтүстік-Қазақстан электржелісін тарату компаниясы» АҚ темір жол магистралі желісі үшін электр энергиясының тарифін 8,435 теңгеден 12,465 теңгеге көбейтуді жоспарлап отыр. Компанияның түпкілікті иесі кәсіпкер Александр Клебанов пен Сергей Кан.
Тариф неге көтерілді?
Компания жариялаған құжатқа сүйенсек, тарифті көтеруге – шығынның артуы себеп болған. Қызмет көрсетуге кеткен шығындар 8,445 млрд теңгеден 9,5 млрд теңгеге өскен. Нақты атап өтер болсақ, материалдық шығындар 3,348 млрд теңгеге (бұрын 2,443 млрд теңге), ал энергияға кеткен шығын 3,2 млрд теңгеге (2,3 млрд теңгеге бұрын) өскен. Ал еңбекақы қорының шығыны керісінше 2,8 млрд теңгеге дейін қысқарды (бұрын 3,4 млрд теңге).
Тарифтің көтерілуіне байланысты қоғамдық тыңдалым 19 мамырда Петропавлда өтеді.
Компания табысы қандай?
Қазір компанияның шығыны кірісінен көп. 2024 жылы мемлекет реттейтін қызмет аясында электр энергиясын жеткізуден түскен табыс 9,212 млрд теңгені құрады, ал осы қызметке кеткен шығын 9,243 млрд теңге болған. Осылайша, компания алдын ала есеп бойынша негізгі қызметінен 31,2 млн теңге көлемінде шығын шеккенін мәлімдеді. Айта кету керек, компания аудит жүргізілген соңғы қаржылық есебін тек 2023 жыл үшін жариялаған.
Шығынға ұшырауына не себеп?
Шығындардың артуына негізгі себеп – ұлттық электр желісін пайдалану қызметінің қымбаттауы және «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есептік қаржы орталығы» белгілеген электр энергиясы бағасының өсуі.
Уәкілетті органның бұйрығына сәйкес, 2025 жыл бойына компания үшін электр энергиясын тасымалдаудың реттелетін негізгі тарифі 1 кВт/сағ үшін 8,18 теңге (ҚҚС-сыз) көлемінде бекітілген.
«Солтүстік-Қазақстан электржелісін тарату компаниясы» АҚ – Солтүстік Қазақстан облысындағы 8 аудан және Петропавл қаласына қызмет көрсетеді. Компанияның негізгі акционері – «Солтүстікқазэнерго» АҚ. Ал бұл кәсіпорын «Орталық-Азиялық Электроэнергетикалық Корпорацияға» тиесілі. Корпорацияның негізгі акционерлері – Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай адамдар қатарына кіретін Александр Клебанов пен Сергей Кан.
Тариф көтерілуі құзырлы органдардың назарында болатынын айта кеткен жөн. Мәселен, осыған дейін прокуратура Жамбыл облысының инвесторлары үшін электр энергиясының тарифтері негізсіз көтерілгенін анықтады.