Назарбаев университеті, «Астана» қаржы орталығының бюджеті қатаң бақыланады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Келесі жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландыру ережесі қатаңдайды. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) баспасөз қызметінен хабарлады.

Мекеме өкілдерінің түсіндіруінше, республикалық бюджеттің шоғырланған қаржылық есебіне аудит жүргізіп, осындай шешімге келген. Бұған дейін мемлекеттік емес ұйымдар мақсатты салымдар мен аударымдар арқылы қаржыландырылатын. Бірақ аудиторлар бұл тиімсіз деп есептейді. Ол механизмдер мемлекеттік активтердің өсуіне ықпал етпейді, бюджет қаржысының жұмсалуы ашық емес.

«Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» сияқты автономды білім беру ұйымдары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және басқа да ұйымдар дәл осы механизм арқылы қаржыландырып келген еді.

Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексінде мақсатты салымдар мен мақсатты аударымдар арқылы қаржыландыру нормалары алынып тасталды. Оның орнына заңды тұлғаларға трансферттер бөлу тетігі енгізіледі.

Сондай-ақ бюджеттен трансферт алған ұйымдарға стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерге қол жеткізуге міндеттенуі тиіс. Ал бөлінген, бірақ қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған қаражат бюджетке қайтарылуы керек.(заңда көзделген кейбір ерекшеліктерді қоспағанда).

Бұған дейін аудиторлық палата мамандары облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетіне де аудит жүргізген. Мамандар бірқатар кемшіліктер бар екенін анықтады. Нәтижесінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетте белгілеген шектен артық қарыз алса, оған сол өңірдің әкімі тікелей жауапты болуы керек деген ұсынысын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз