Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханадан шықты

Ауруханада жатқан Руслан Берденов аяғына мініп, ауруханадан шықты. Бұл туралы өзінің инстаграм парақшасына жариялаған.
«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», – деп жазған ол парақшасында.
Жазбасында «оқыс оқиға өзіне де, отбасы мен жақындарына да ауыр тигенін» айтады.
Шымкент қаласы әкімдігі де Берденовтің жағдайына қатысты пікір білдірді. Әкімдік таратқан мәліметке сүйенсек, шенеунік оңалту шараларынан өтіп жатыр.
«Р. Берденовке №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері тарапынан бірнеше күрделі оталар шұғыл жасалынды. Отадан кейін 21 күн бойы науқасқа толық ем-шара жүргізіліп, гемотрансфузия, плазмотерапия, антибиотик терапия емі және т.б медициналық көмектер көрсетілді. Қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы тұрақты, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты, жақсарумен ауруханадан шығарылды., – деп жазылған хабарламада.
Руслан Берденов неге ауруханаға түсті?
Еске салайық, экс-депутат, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдік ғимаратына алдында шабуыл жасалған еді. Күдікті шенеунікке «Сайга-12» аңшы мылтығынан үш рет оқ атты.
Берденовке оқ атылуына қатысты түрлі нұсқалар тарады. Шабуыл жасады деген күдікті әкімдік жанындағы ЖШС-ның жетекшісі болған. ««Тұрғын үй Шымкент» ЖШС – тұрғын үй құрылыс басқармасына қарасты және ескі үйлерді жаңалаумен айналысады.
Кейінірек оқ атты деген күдікті Ернар Жиембайдың әкесі мәлімдеме жасады. Ол сөзінде Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілеп, «бұл жағдай ауыр соққы» болғанын айтады.
Шымкент қаласы әкімдігі болған жағдайға қатысты бірнеше күннен кейін ғана мәлімдеме жасады. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, тергеуге кедергі келтірмес үшін мәлімдеме жасаудан бас тартқан.