Алматыда банк тонаушы ұсталды (видео)

Алматыда банк тонаушы видеоға түсіп қалды. Белгісіз ер адам банктердің бірінің бөлімшесіне түн ішінде кіруге ұмтылған.
Ол терезеден кіріп, кассаға өтпек болды. Бірақ бронды шыныны сындыра алмаған. Әрі өте алмасын сезгесін қашып кеткен.
Алматы полициясы оның кім екенін анықтады.
«Криминалдық полиция Басқармасы Жетісу аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қысқа мерзімде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Алматыда банк тонамақ болған күдікті кінәсін мойындаған.
«Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті «ізін суытпай» ашылды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция Басқармасының бастығы Талант Исаев.
Мұның алдында Алматы полициясы мопед пен самокаттарға рейд жүргізген еді.