Лондонда Рысқалиевті аңдыған болгар азаматтары сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
12 жылдан бері іздеуде жүрген Бергей Рысқалиевті аңдығандар сотталды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
12 жылдан бері іздеуде жүрген Бергей Рысқалиевті аңдығандар сотталды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті аңдыған, Қазақстанның Лондондағы елшілігіне дронмен шошқа қанын шашпақ болған алты болгарға үкім шықты. BBC телеарнасының хабарлауынша, ағылшын соты оларды бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Үкім

Сот Болгарияның алты азаматын да Ресей мүддесі үшін тыңшылық жасады деп таныды. Топ жетекшісі Орлин Русев 10 жыл 2 айға сотталды.

  • Бизер Джамбазов – 10 жыл 2 ай;
  • Катрин Иванова – 9 жыл 8 ай;
  • Ваня Габерова – 6 жыл 8 ай және үш апта;
  • Тихомир Иванчев – 8 жыл;
  • Иван Стоянов – 5 жыл үш аптаға бас бостандығынан айрылды,

Сот үкімі бірнеше сағат бойы оқылды. Судья Николас Хиллардтың мәлімдеуінше, болгар азаматтары ұйымдастырған операциялар Ұлыбритания ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Мәліметтерге қарағанда, сотталушылар жазаның жарты мерзімін Ұлыбританиядағы колонияда өткізеді, сосын оларды еліне депортациялайды.

Олар алты түрлі қылмыс бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасынша, Ресейдің арнайы қызметінің тапсыр алған болгар азаматтары журналистер Роман Доброхотов пен Христо Грозевке шабуылдаған, НАТО-ның Еуропадағы әскери базаларын барлаған, сонымен бірге босқын мәртебесін алған Рысқалиевтің ізіне түскен.

Рысқалиевті аңду операциясы

Тергеу барысында күдіктілердің Лондондағы Гайд-Парк маңындағы қымбат пәтерде тұратын Бергей Рысқалиевті күні-түні аңдығаны анықталған. Бұрынғы шенеуніктің көмекшісі үй маңындағы күдікті көлікті байқап, оның нөмірін жазып алған. Toyota Prius көлігінде Иван Стоянов отырған.

Ол тергеу барысында экс-әкімді аңдығанын мойындады. Күдікті қазақ шенеунігі туралы мәлімет алу арқылы «Ресейдің дипломатиялық қарым-қатанысты бақылауда ұстауға ұмтылғанын» айтқан.

Қылмыстық топ Бергейді аңдып қана қоймай, артынша Қазақстанның Лондондағы елшілігі алдында өтірік наразылық акциясын өткізу туралы тапсырма алған. Олар дронның көмегімен елшілік ғимаратына шошқа қанын төкпек болған. Тергеу нұсқасына қарағанда, Ресей кейін осы әрекеттерге жауапты «белсенділерді» әшкерелеу арқылы Қазақстан қауіпсіздік қызметіне көмектесуі керек болған.

Сот үкімінде алты сотталушының да Ресейге ақша үшін жұмыс істегені айтылды. Дегенмен судья Хиллард күдіктілер жинаған ақпаратты Ресей не үшін пайдаланғысы келгенін түсініп, жасаған әрекеттеріне өкінуі керек деп шешті.

Бұған дейін Kursiv.Media бір топ адамның Лондондағы елшілікке шошқа қанын төгуге оқталып, бұрынғы әкімді аңдығанын жазған.

Сондай-ақ оқыңыз