«Алтыналмас» компаниясы Қарағанды облысында алтын өндіруге рұқсат алды

«Алтыналмас» компаниясы Қарағанды облысында алтын өндіруге рұқсат алды. Лицензияны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі берген. «Алтыналмас» компаниясы осы лицензия негізінде Бақтай кен орнында 5 жыл алтын өндіреді.
Алтын кен орнының жалпы аумағы – 6,72 шаршы шақырым. Лицензия компанияға 5 жылға берілген.
Компания қандай міндеттемелер алады?
«Алтыналмас» компаниясы тек қазба жұмыстарын жүргізіп қоймай, бірнеше маңызды әлеуметтік және экономикалық міндеттемелерді де орындайды.
Біріншіден, жерді пайдаланғаны үшін ақы төлейді. Заң бойынша мемлекетке жыл сайын төлем жасайды.
Екіншіден, жыл сайын ең төменгі инвестиция құяды Компания өндіріс жұмыстарына кемінде 6 783 АЕК (26,7 млн теңге) көлемінде қаражат жұмсауы тиіс. Сонымен қатар, жұмыс барысында пайдаланылатын құрал-жабдықтар мен қызметтердің кемінде 50%-ы отандық болуы шарт. Өндіріске жұмсалған шығынның 1%-ы қазақстандық кадрларды оқытуға бағытталады. Тағы 1% қаражат ғылым мен инновацияны қолдауға бөлінеді.
Үшіншіден, Қарағанды облысының әлеуметтік жобаларына жыл сайын 10 000 АЕК көлемінде қаржы бөледі. Бұл қаражат жол, мектеп, су тарту секілді инфрақұрылымға жұмсалуы мүмкін.
Қандай жағдайда лицензия қайтарылады?
Егер компания өз міндеттемелерін орындамаса — мысалы, инвестиция салмаса, жергілікті кадрды оқытпаса немесе аймаққа тиісті қаржы аудармаса — мемлекет лицензияны қайтарып алуға құқылы.
Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі болып саналатын бұл кәсіпорынның 67,5% акциясы Gouden Reserves B.V.-ге, ал 22,5% акциясы миллионер Владимир Жұманбаевқа тиесілі. Компания артықшылығы бар акциялары үшін 2024 жылдың IV тоқсанына 47 мың теңге дивиденд төлеген.