Ресейдің қазақстандық тауық етінде қауіпті бактерия бар дегені тағы расталмады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстандық тауық етінде қауіпті бактерияның бары анықталмаған / Фото: shutterstock

Ресейдің «Россельхознадзор» мекемесі Қазақстандағы құс фабрикасы өндірген тауық етінен қауіпті листерия бактериясы анықталғанын екінші мәрте мәлімдеді. Алайда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жолы да ресейлік мамандардың күдігі расталмағанын айтты.

Ресей тарапының алғашқы мәлімдемесі қаңтар айында жасалған болатын. Сол кезде Россельхознадзор «Макинск құс» фабрикасынан жеткізілген салқындатылған бройлер филе партиясынан листерия бактериясы табылғанын хабарлады. Осыған байланысты аталған кәсіпорынға қатысты зертханалық бақылау күшейтілді. Алайда кейін бұл ақпарат ресейлік бақылау органының сайтынан жойылып кеткен.

Министр не дейді

Сәуір айында Ресей тарапынан тағы бір мәлімдеме жасалып, Қазақстанда өндірілген өнімнен листерия анықталғаны хабарланды. Осыдан кейін Қазақстанда арнайы комиссия құрылды. Министрдің айтуынша, барлық қажетті тексер жүргізіліп, сынамалар алынған.

«Ресей қалай анықтады — біз де солай комиссия құрдық. Толық тексердік, сынама алдық. Нәтижесі теріс шықты», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр Сапаров Қазақстан тарапынан тексеріс қорытындылары бойынша Россельхознадзорға ресми хат жолданғанын атап өтті. Қазір қазақстандық тарап ресейлік әріптестердің жауабын күтіп отыр.

Сапаровтың айтуынша, қос мемлекет арасында байланыс барлық деңгейде жалғасып жатыр.

«Біз аптасына бір рет ветеринарлық қызмет пен фитосанитария комитетінің төрағаларымен келіссөз жүргіземіз. Сонымен қатар вице-министрлер де жұмыс істеп жатыр. Өзім де бір апта бұрын министрмен сөйлестім», — деді министр.

Бұған дейін, ақпан айында, Қазақстан тарапы Ресейге экспортталған тауық етінен қауіпті бактерия табылмағанын мәлімдеген болатын. Ол кезде Сапаров ресейлік әріптестерін ақтап, «бәлкім, бұл техникалық қате болар» деп айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз