Алматыда танымал тұлғалардың бейіттері туристік нысан тізіміне енгізілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бейіттер
Алматы қаласында танымал тұлғалардың бейіттері туристік нысанға енгізілді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласында көрнекті қазақстандықтардың бейіттері мен тарихи ескерткіштерін біріктірген жаңа туристік бағыт іске қосылды. Бұл бастама «Алматының тарихи жады» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Жаңа цифрлық маршрут арқылы енді кез келген адам белгілі тұлғалардың жерленген орындарын, ескерткіштерін, мемориалдарын және олардың өмір сүрген, жұмыс істеген тарихи көшелерін оңай таба алады. Бұл деректер 2GIS қосымшасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.

Аталған бағытқа Алматыдағы үш ірі зират енгізілді:

  • Орталық зират – 115 танымал тұлға жерленген
  • Кенсай-1 – 159 қабір
  • Кенсай-2 – 109 қабір

Бұл зираттар – ашық аспан астындағы шынайы музей іспетті.

Алматының орталық зиратында: Күләш Бәйсейітова, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Әміре Қашаубаев, Жұмабай Шаяхметов, Мұқан Төлебаев, Қасым Аманжолов, Дина Нұрпейісов және т.б атақты тұлғалар жерленген.

Кеңсай зиратында: Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Қасым Қайсенов, Талғат Бегельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Дінмұхамед Қонаев, Әбілхан Қастеев, Мұқағали Мақатаев пен Шәмші Қалдаяқов сынды қазақ руханияты мен тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар жерленген.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, дамыған елдерде мұндай формат бұрыннан бар.

«Париждегі Пер-Лашез зиратына туристер Эдит Пиаф, Бальзак пен Джим Моррисонның қабіріне тәу ету үшін барады. Алматы да – ұлт зиялыларының мәңгілік мекені. Енді олардың мұрасы мегаполистің дәл жүрегінде сақталып, жұртшылыққа қолжетімді болады», – деді Майлыбаев.

Қалалық картада тек зираттар ғана емес, 160-қа жуық ескерткіш пен бюст те қамтылған. Соның ішінде 48-і – көрнекті тұлғаларға арналған. Сондай-ақ, Төлебаев көшесіне арнайы бөлім бөлінген – бұл көше жазушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері өмір сүрген тарихи орын ретінде белгіленген.

Бұған дейін, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер қазақ жазушылары туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз